Қазақстан Республикасының соңғы 16 жылда алған асулары Ата Заңмен тікелей байланысты дейді облыстық соттың судьясы Елена Максюта. Ел экономикасының дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы мен мемлекетіміздің шет елдерге танылуында – Конституцияның үлесі орасан. Өз қызметінде де Елена Максюта Конституцияны қолынан шығарған емес. Әділ, заңды үкім шығаруда судья қай кезде де Ата заң нормаларына жүгінетінін айтады. Өйткені, бүгінде қолданыста жүрген барлық заңнама Конституциядан бастау алады.
Елена Максюта, облыстық соттың судьясы:
–Кей кездері заңдар бір біріне қайшы келіп жатады. Осындайда Констиуцияны негізге алу керек. Бірде облыстық соттың отырысында әкімшілік заңнаманың Ата заңға сай келмейтін бабының бар екенін анықтадық. Облыстық сот бірден конституциялық кеңеске арыз түсіріп, оның заңдылығын тексеруді сұрады. Нәтижесінде норманың шынында да Конституция талаптарына қайшы келетіні анықталып, оны алып тастау жөнінде шешім қабылданды.
Республиканың басты заңы қай кезде болмасын ел тұрғындарына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Сондықтан оның заман талабына, ел сұранысына сай өзгеруі де заңды дейді Елена Максюта. Өзгерістердің бір тобы сот жүйесін реформалауға қатысты. Бұл да әр азаматтың құқығын қорғау сапасын жақсарту бағытындағы маңызды қадам болғаны анық. Алқа билер институты енгізіліп, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Сондай-ақ, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында мемлекеттік меншікті қорғауға басты назар аударылса, бүгін жеке меншік те осы деңгейге көтерілді. Жыл өткен сайын отандастарымыз да, құқықтарының қорғалып, сақталуының маңызын түсінгендей.
Елена Максюта, облыстық соттың судьясы:
-Петропавл қаласының сотына конституциялық құқығы бұзылған зейнеткер арыз түсірді. Сот басты құжатты негізге алып оның арызын қанағаттандырды. Өйткені банк несиені қайтару үшін азаматшаның зейнетақысын түгел ұстап қалып отырған. Біздің мемлекет әлеуметтік бағыт алған. Ата заңда республика тұрғындарына мемлекеттен кепілдендірілген әлеуметтік қорғау қарастырылғаны айтылады.
Қысқа мерзім ішінде өз өміршеңдігін көрсеткен Ата заң алдағы уақытта да мемлекетіміздің дамуы жолында анық бағдар беріп, жарқын болашағының кепілі болмақ. Бұл бағытта республика тұрғындары да, судьялар мен заң шығарушы билік те өз үлесін қоса беруі тиіс.
Гүлмира Шоқтыбаева