Қылмыс

Есірткі тасымалдаушылар ұсталды

    
Жексенбі күні Петропавл қаласына кіре берісте жол полициясының аға инспекторы Олег Ковалев пен полиция старшинасы Сергей Любенко ресейлік   ВАЗ-21083 автокөлігін тоқтатқан.

Олег Ковалев,  СҚО ІІД Жол полициясының инспекторы:
– Жолда келе жатқан бұл көліктің бұрылу шамы қосылып тұрды. Бірақ ол еш жаққа бұрылмай, тура жүріп бара жатты. Бұл, әрине күдік тудырды.

Көлік жүргізушісі Қорған облысы Петухов қаласының 34 жасар тұрғыны болып шықты. Жанында 21 және 23 жастағы тағы екі Ресей азаматы болған.

Сергей Любенко, СҚО ІІД Жол полициясының инспекторы: 

– Құжаттарды тексере бастаған кезде біз бұл адамдардың қобалжып тұрғанын байқадық. Сондықтан көлікті мұқият тексеруді жөн көрдік.

Полицейлердің күдігі бірден расталды. Көліктің жүк салғышы мен орындықтың астында скотчпен оралған 2 целлофан пакет табылыпты. Оқиға орнына жедел тергеу тобы мен кинологтар шақыртылды. “Лада” көлігінің жүргізушісі Көкшетау қаласына досына бармақ болғанын айтады. Дегенмен таныстарының дәл мекен-жайын күдіктілердің бірі де түсіндіре алмаған. Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттың жалпы салмағы 1 келі 600 гр. марихуана екені белгілі болды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына орналастырылып, аталмыш факті бойынша ҚР ҚК 259- бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

 Инеш Шоқақова