Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстағы 48 элеватор астық қабылдауға дайын

«Петропавл-Астық» элеваторына биылғы астықтан алдымен 500 тонна сұлы жеткізілді. Жалпы бұл астық қабылдау орнының сыйымдылығы 88 мың тонна. 12-15 тонна дәнді элеватордың ашық алаңдарында төгуге болады. Биыл астық шығымдылығы жақсы. Сондықтан элеваторлар науқанға сақадай сай болуы керек. «Петропавл-Астық » сияқты үлкен элеваторларға ерекше салмақ түспекші.

 

 

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Осы элеваторға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Биыл элеватор үлкен қарқынмен жұмыс істеуі керек. Азық- түлік корпорациясы бірінші күннен астық қабылдауды бастайды. Бұған дейін корпорация 30 мың тоннаға дейін астықтарын сіздерде сақтайтын. Қазір орын бос тұр. Сондықтан барынша мол астық енгізілуі керек.

Элеватор астық қабылдау, сақтау, кептіруге сақадай сай. Мұнда тәулігіне 5 мың тонна астық қабылдап, 3 мың тоннаға дейін кептіруге болады.

Леонид Кибалюк, «Транс Авто» БК ЖШС бас директоры:

-Кешкі уақыттарда жұмыс көбейеді. Ауылдардан көліктер де көп келеді. Сол уақыттарда кезек күтушілерді ұзақ уақыт ұстамау үшін біз астықты ашық алаңқайларға түсіртеміз. Ал түнде дәнді кептіруге кіргіземіз. Элеватор тәулік бойы жұмыс істейді.

Облыста 48 элеватор астық қабылдауға қатысады. Биыл облыс диқандары 5 миллион тоннадан аса астық жинауды көздеп отыр. Сондықтан дән сақтау орындарының тапшылығы сезіледі.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің орынбасары:

-Облыс әкімі кезек болмау үшін алаң жасауды тапсырды. Осында екеуі бар. Үшіншісіне асфальт төсейміз. Астық мол, соны шашпай-төкпей жинап алуды ойлау керек.

Астық қабылдау кәсіпорны осы маусымда да қызметтерінің басым бөлігіне бағаны сақтапты. Тек кей түрлеріне 1-2 пайыз үстеме қосыпты. Кәсіпорын басшылығы оны жанар-жағар май мен электр энергиясының қымбаттауымен түсіндіреді. Бүгінде кәсіпорында дәннің бір тоннасын кептіру құны  – 150 теңге.

 Әсем Рахметова