Спорт

«Қызылжар» өз алаңында жеңіліп қалды

 

 

 

 
Кездесуді қызылжарлықтар ойынның қатаң әдісімен бастады. Қонақтар бірден қорғанысқа көшті. Мұндай әдіс «Сұңқар» құрамасы үшін аса сәтті болды. Ойынның 32 минутында олар қарсы қақпаға алғашқы голды енгізіп үлгерді. Ал 4 минуттан соң «Қызылжардың» қақпасына тағы бір доп соғылды. Алаң иелері есепті теңестіру үшін қарқындарын үдете түскенмен, мұның 3 сары карточкадан басқа берген нәтижесі болмады. Алғашқы тайм “Сұңқардың” пайдасына шешілді.

– Мен футболды көруге, өз жерлестеріме жанкүйер болуға алғаш рет келдім. Ережелерді дұрыс білмесем де ойын аса тартысты өтіп жатқан сияқты. Оларға сәттілік тілеймін.
– Біздің команда 4-ші орында болған, қазір 14-ші орынға түсіп қалды. Себебі оларға жалақы төлемейді. Осының кесерінен олар ойынға да салғырт қарайды деп ойлаймын.

Келесі таймда петропавлдықтар басқа әдіске көшті. Шабуылшылардың әрекеттері анық әрі біркелкі шыға бастады. Нәтижесінде  негізгі ойын қарсыластар алаңына ауысты. Ойын соңына 15 минут уақыт қалғанда Роман Селиверстов «Қызылжардың» алғашқы голын соқты. Өкінішке қарай, бұл «Сұңқардың» қақпасына енген жалғыз доп болып қала берді. Қалған уақытта да алаң иелері есепті теңестіре алмады. Қорытынды есеп 1-2.

-«Қызылжардың» жеңілісіне жанкүйерлердің де кінәсі бар деп ойлаймын. Олар футболшыларды қолдамай, керісінше сынап, кейде тіпті боқтап жатады. Ал олар болса барларын салып өз міндеттерін орындайды. Меніңше, ойыншыларды қолдайтын мықты фанклуб құру керек.

Петропавлдық футболшылардың келесі қарсыласы Талғар қаласының “Ақ бұлақ” командасы болмақ. Кездесу тамыздың 24-і күні “Қарасай” стадионында өтеді.

Кәусар Аяпбергенқызы