Билік

Сенат депутаттарының сайлауы өтті

 

 

Солтүстік Қазақстан облысынан екі кандидат – Самат Ескендіров пен Серік Тәшенов сайлауға түсті. Тіркеуден өткен үшінші үміткер Есжан Оразалин тамыздың он алтысында облыстық комиссияға өтініш түсіріп, сайлауға қатысудан бас тартқан. Дауыс беретіндер – облыстың депутаттық корпусы. Өңірде түрлі деңгейдегі мәслихаттардың 212 депутаты бар. Олардың 208-і дауыс беруге қатысты. 4 депутат сайлауға белгілі себептермен келе алмаған. Сайлау барысын халықаралық және жергілікті байқаушылар бақылады. ТМД байқаушылар миссиясының өкілдері сайлау заңнамасының бұзылмағанын, дауыс берудің тиісті деңгейде ұйымдастырылғанын алға тартты.

Юрий Куньшин, ТМД байқаушылар миссиясының өкілі, Қорған қаласы:
-Мен Қазақстан Республикасына сайлау барысын бақылауға төртінші рет келіп отырмын. Осы жолғы сайлау да жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Барлығы заңға сай өтіп жатыр. Ешбір олқылық тіркелмеді.

Сенат депутаттарын сайлау – ел өміріндегі маңызды саяси оқиға. Сондықтан бізден үлкен жауапкершілікті талап етеді дейді өз таңдауларын жасаған депутаттар.
Дауыс беру аяқталғаннан кейін сайлау комиссиясының мүшелері дауыс санауға кірісті. Жарты сағаттан кейін біздің облыстан депутаттық мандатқа ие болған үміткердің есімі белгілі болды:  
Самат Ескендіров – 170, Серік Тәшенов 36 дауыс жинады. Самат Ескендіровке үлкен сенім артылып отыр. Жауапкершілік үлкен. Үміттеріңізді ақтауға бар білімім мен күш-жігерімді саламын деді ол. Әлбетте, Солтүстік Қазақстан облысын дамыту үшін қолдан келгенді жасауды жалғастыра бермек.

Айымгүл Әбілева