Ауыл шаруашылығы

Облыс әкімінің жұмыс сапары

 

 

 

 

Мамлют ұн үгу комбинаты – өңіріміздегі астық қабылдайтын ірі кәсіпорындардың бірі. Мұнда өңір басшысы Серік Біләлов, алдымен өндірістік- технологиялық зертхананы аралады. Элеватордың жалпы сыйымдылығы – 145 мың тонна. Қондырғылардың барлығы автоматтандырылған. Сағатына 290 тоннадан астам астық кептіретін 6 арнайы орын бар.

Анатолий Шрамко, Мамлют ұн үгу комбинатының бас директоры:

-Биыл элаваторға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қондырғылардың барлығы заман талабына сай. Еш мәселе туындап отырған жоқ. Астық қабылдауға 100 пайыз дайынбыз.

Ауданға сапары барысында өңір басшысы алқаптарды да аралады.  Солардың бірі – «Воскресеновка» серіктестігінің танаптары. Егін мұнда бітік шыққан. Бұл ретте Серік Біләлов ауа райының қолайлы кезеңін пайдаланып, сары алтынды ысырапсыз жинап алу керектігін айтты. Мамлют ауданы бойынша бүгінгі күнге дейін жалпы дәнді дақылдардың 4 мың гектары құлатылды, оның 100 гектардан астамында ырыс дәні жиналып алыныпты.

Михаил Юрков, «Родина» шаруа қожалығының басшысы:

-Диқандар қауымы орақ науқанына кірісіп кетті. Қыркүйек айының 20-на дейін алқаптың 70-75 пайызын орып үлгеруіміз керек. Ол үшін қолда бар мүмкіндікті пайдалануға тырысамыз. Биыл өнім жақсы.

Андрей Даникер, «Крафт СК» ЖШС директоры: -Серіктестігіміз биыл 2,5 мың гектар алқапқа бидай сіңірген-ді. Енді оны ысырапсыз жинап алуымыз қажет. Жанар-жағармай, техника, барлығы жеткілікті. Ауа райы жақсы болса, дер кезінде аяқтауды мақсат етіп отырмыз орақты. Орташа өнім 18- 20 центнер.

«Войнах терек» серіктестігі биыл 77 мың гектарға дән сіңірген. Диқандар күзгі дала жұмыстарына енді кірісіпті. Әзірге орақ науқанына 4 комбайн жұмылдырылған. Серік Біләлов ырыс дәнін мейлінше бастыру қажеттілігін айтты. Бұдан соң облыс әкімі Дубровный селолық округіндегі сыйымдылығы 16 мың тонна «ИшимАгроНорд» серіктестігінің қырманында болды. Нысанда қазір химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Преснов астық қабылдау пункті де облыс жетекшісінің назарынан тыс қалмады. Күзгі жиын-теріннің 40 мың тоннасын сақтауға мүмкіндігі бар кәсіпорын бүгінде шаруа қожалықтарымен 50 пайызға келісім- шарт жасасып үлгерген.

Василий Теслин, «Преснов астық қабылдау пункті» ЖШС директоры:

-Биыл Преснов астық қабылдау пунктіне 4,5 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 3 кептіргіш , 13 астық қоймамыз бар. Тәулігіне 100 тонна ырыс дәнін кептіре аламыз.

«Агротехника Жамбыл» серіктестігі алқабының жалпы көлемі 10 800 гектарды құрайды. Алқапқа тіркемелі жатка жұмылдырылды. Өңір басшысы науқанға бүгіннен бастап мықтап кірісу керектігін тапсырды.

Серік Ыбыраев,  Жамбыл ауданының әкімі:

-Аудан бойынша 305 мың гектарға биыл дән себілді. Оның 253 мыңы бидай. Биыл орақ науқаны қиынға соғады. Себебі егіннің сабағы желмен жығылған алқаптар да бар. Қазір майлы дақылдарды орудамыз. Аудан бойынша өнімділік гектарынан  23,2 центрнерді құрауда. Ауа райы қолайлы болса, орақты уақытылы аяқтайтынымызға сенімдімін.

Серік Біләлов «Егінжай зерно» серіктестігінің танап басында да болды. Қазіргі таңда мұнда шетелдік «Вектор» комбайндары астық жинауда. Ал «Шатило и К» қожалығы майлы дақылдарды жинауға кірісті. Мұнымен қоса биыл көкөніс өсіру де қолға алынған. Ол үшін арнайы жер бөлініпті. Картоп, сәбіз, қырыққабат, қызылша, қызанақ осының барлығы жаңа технологиямен өсірілуде.

Павел Князев, технолог:

-Мен өзім Ресей Федерациясынан келдім. Серіктестік басшысына тамшылап суару технологиясын ұсынып едім, ол кісі менің өтінішімді бірден қабыл алды. Мына көкөністердің барлығы біздің қызметшілерге арналған. Өнім жаман емес.
 

Жыл сайын серіктестік басшысы Виталий Шатило қызметшілеріне арнап жаңа үй тұрғызуды өзіне мақсат еткен. Биыл Казан селосында   4 баспана халық игілігіне берілмек.

Виталий Шатило,  «Шатило и К» ЖШС директоры:

 -Серіктестігіміз күзгі науқанға тамыз айының 11-і кіріскен болатын. Жалпы аумақ 32 мың гектарды құрайды. Оның 20 мыңы астық. Қалғандары майлы дақыл. 16 комбайнымыз бар. Алдағы уақытта тағы техникалар аламыз. Қысқа жемазықты да даярлап қойдық. Келер жылға пар жыртып қойдық. Алқапты ұлғайтуымыз керек. Оның үстіне қызметшілеріме деп жылда үй тұрғызамын. Былтыр 2 баспана берсек, биыл 4 -ін тапсыруды жоспарлап отырмыз.

Жаздың бір күні қыстың қырық күніне азық деген нақыл бар. Енді қапы қалмай сары алтынды дер кезінде жинап алу керек деп атап өтті өңір жетекшісі.

Самат Қайырденұлы