Ауыл шаруашылығы

Қызылжар ауданында аралар қырылып жатыр

 

 

 

 
Араның 145 ұясы жойылды. Яғни әлі екі жыл бойы бал өнімін шығара алатын 20 млн жәндік тіршілігін тоқтатты. Өзге аралар да олардың жолын құшуы мүмкін.

Иван Васильченко, омарташы:
– Шамамен 1-1,5 айдан кейін олар тіршілігін тоқтатады. Мүмкін 2 айға дейін шыдар. Дегенмен аман қалуы екіталай.

1 ұядағы араның құны 30 мың теңге. Бұған қарағанда келтірілген зардап аз емес. Жәндіктердің өсімін қалыпқа келтіруге ғана 4,5 млн теңге жұмсауға тура келеді. Бұл оқиға тек аралардың ғана тіршілігін тоқтатпай, сонымен қатар балдың улануы мен өзге де шығынға әкеп соқты. Ауыл шаруашылығы тауар өндіруші заңға қайшы әрекетке бармаса, мұндай жағдай болмас еді дейді омарташылар қауымдастығының төрағасы.

Пётр Дмитриенко, омарташылар қауымдастығының төрағасы:
-Қазақстан заңнамасында 5 күн бұрын омарташыларды бұл әрекеттер жайлы ескерту керектігі айқын айтылған. Сәйкесінше бұл жерде хабар берместен кеңістікті улаған диқандар кінәлі болып отыр.

10 шақырымдай  аумақта аралар тіршілігін тоқтатты. Соның салдарынан бірқатар елді мекендер балсыз қалды.

 Иван Завертунов, омарташы:
– Балды пайдалануға бола ма, болмай ма?
Оны білу үшін ветеринариялық лабораторияға сынауға бердік. Егер біздің ойлағанымыздай уланған болса, онда оны жоюдан басқа амалымыз жоқ».

1 ай бұрын мұндай оқиға Шығыс Қазақстан облысында да орын алған екен. Онда дәнді дақылдардың жауы – шегірткенің көзін құрту жұмыстары бал араларына зиян келтірген. Осыған қарап ара өсірушілер өздері қорытынды шығарған көрінеді.

 Алла Фомина, адвокат:
-Үкіметтің, агрономдардың және жеке шаруалардың мұндай көзқарасына қарағанда араларды өсіру көп қиындық әкеледі. Болашақта тағы бейқам шаруалардың мұндай әрекеттерінен омарташылар осы сынды келеңсіздікке тап болмайтынына кім кепіл?

Бұл оқиға туралы ақпарат полицияға тапсырылды. Омарташылар ара мен балдан ғана айырылып қоймай, сонымен бірге 2 жылдық табыс көзінен құр қалды. Өйткені араны өсіріп, одан өнім алу үшін осыншама уақыт кетеді екен.

Айдана Демесінова