Ауыл шаруашылығы

Элеваторлардың науқанға әзірлігі

 

Биылғы астық өнімділігі жоғары. Облыс диқандары 3 миллион 900 мың гектарға себілген дәннен 5 миллион тоннадан аса астық алуды жоспарлап отыр. Сондықтан әу бастан астық сақтайтын орындарды әзірлеу керек.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:

-Биыл біз 3 миллион 900 мың гектарға дән сепсек, астық өнімділігі 5 миллион тоннадан асады деп отырмыз. Біздегі астық қабылдау пункттерінің сыйымдылығы 3 миллион тонна. Сондай -ақ  2,4 миллион тонна дән сақтайтын қоймаларымыз бар. Өздеріңіз биылғы астықты сақтау бойынша шешілмеген мәселелер бар екендігін көріп отырсыздар. Біз Үкіметтен астық сақтау орындарын босатуды сұраймыз. Бүгінде қоймаларымызда азық-түлік корпорациясының 412 мың тонна астығы жатыр. Біздің мақсатымыз – бар астықты шашау шығармай сақтау.


Ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жанар Мұсақұлованың мәліметі бойынша облыста лицензиялы 50 астық қабылдау орны бар. Оларда 3 миллион тоннадан аса астық сақтауға болады. 48-і астық қабылдауға дайын. Шаруашылықтар өз қоймаларын да күзге әзірлеген. Бірқатар агроқұрылымдарда астық сақтайтын полиэтилен қаптар алынған. Шаруалар биылғы астықтың ылғалдылығының жоғары болатындығын әуелден болжап отыр. Сондықтан элеваторлардағы материалдық-техникалық базаның дайындығына баса назар аудару керек.

Жанар Мұсақұлова, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

-Астық қабылдау пунктерінің материалдық -техникалық базасы науқанға дайын деп айтуға болады, кептіру қондырғылары бар, көліктерді көтеруші, дән тазалаушы машиналар жұмыс істеп тұр. Зертханалар бар. Күзет қойылған. Тәулігіне 170 мың тонна астық өңдейтін 263 кептіргіш жұмыс істеп тұр.  

Бұл маусымда элеваторлар астық  кептіру бағасын 180 теңгеден 217 теңгеге көтерген. Ал бидайдың тоннасын тазалау 117 теңгеден 154 теңгеге өскен. Астық қабылдау орындарының басшылары бұл жолы да жанар-жағармай мен электр энергиясының қымбаттауы қызмет бағасына әсер еткенін айтады.

Сағынтай Джамансариев, «Уголки АҚП» ЖШС атқарушы директоры:

-Өткен жылы жанармай бағасы 60 теңге болды. Биыл 85 теңге. Былтыр өзгелер қызмет бағасын көтергенде бізде өзгеріс болған жоқ. Электр энергиясы 11 теңгеден 15 теңгеге өсті.

Бұл мәселе бірнеше мәрте қаралатын болды. Нақты шешім жергілікті атқарушы биліктің бәсекелестікті қорғау бойынша агенттігі мамандарымен кездесуінен кейін ғана қабылданады. Дегенмен, астық қабылдауды барлық пункттер уақытылы бастауы керек.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Әр элеваторға өкілетті адамдар бекітіледі. Астық қабылдау орнына келетін көліктерді қабылдау кестесін жасау керек.

Астық таситын көліктердің тапшылығы жыл сайын байқалып жатады. Агроқұрылымдардың басыбайлы жүк көліктері аз. Қосымша 500-ден аса техника керек. Жылдағыдай жеке шаруашылықтардың көліктері орақ кезінде алынады. Биыл астығын таси алмай отырған шаруаларға көлік мәселесін шешуде жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы көмекке келеді. Облыс әкімі ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне ашық күндерді барынша пайдаланып қалуды тағы да тапсырды.

Әсем Рахметова