Ауыл шаруашылығы

Астықты ысырапсыз жинап алу – басты міндет



Орақ науқаны биыл Солтүстік Қазақстанда өткен жылдармен салыстырғанда ертерек басталды. Ақжар ауданы диқандарының айтуына қарағанда, дәнді дақылдар осы күні піскен. Ауданда бірнеше күннен бері астық құлатылып, бастырылып жатыр. Облыс әкімі Серік Біләлов “Киевское Север”, “Ақниет Ақжар”, “Жаңа ауыл” серіктестіктері мен “Бұланбай” шаруа қожалығының егіс алқаптарында болды. Бұл кәсіпорындар “Богви” ЖШС компаниялар тобына кіреді. Диқандар астықты уақытында жинап аламыз деп отыр.  Қазіргі заманғы жоғары өнімді техника    диқандар үшін егінді уақытында және ысырапсыз жинап алуда үлкен көмек. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен әңгімелескен облыс әкімі тағы үш маңызды міндетті айқындады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Біз дүйсенбі Үкіметке ұсыныспен шығамыз. Қыркүйек айында астықтың тоннасы 25 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Екінші мәселе элеваторларға қатысты. Олар тәулік бойы жұмыс істеуі қажет. Көліктер тұрып қалмауы тиіс. Үшінші жанар-жағармай мәселесі. Бүгінде шаруашылықтарда 50 пайыз ғана жанармай қоры бар. Тамыз айында 50 пайызы жеткізіледі.

Диқандардың айтуынша, мұндай астық Ақжар ауданында он бес жылдан бері болмаған. Сондықтан егінді жинап, сақтап қалу – облыс әкімінің басты тапсырмасы. Өз кезегінде диқандар мен жергілікті атқарушы билік орақ науқаны кезінде ешбір мәселе туындамайды деп сендірді.

Айымгүл Әбілева