Энергетика

Жылу магистралі жаңғыртылуда

 

“Петропавл жылу желілері” ЖШС-нің биылғы жылға көздеп отырған жұмыс аумағы аса ауқымды. Оған сәйкес 11,4 шақырым жылу жолы күрделі және ағымдағы жөндеуден өтеді, Брусиловский көшесіндегі 1 шақырымдай магистраль қалпына келтіріледі, ал Европа қайта құру және даму банкімен жасалған шарттың арқасында 245 млн теңгеге тағы 1,2 шақырым құбыр жаңартылады.

 Андрей Калиничев, «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры:
– Мұның бәріне біз 695 млн теңге қаржы жұмсамақпыз. Барлығы 13,6 шақырым жылу жолы қалпына келтіріледі. Бүгінгі күні жұмыстың біршамасы аяқталуға жақын қалды.

Алдағы 3 күн ішінде Пушкин мен Советский көшелерін жалғап тұрған Брусиловский көшесіндегі құбыр іске қосылады деп отыр жұмысшылар.

 Тимур Золотилин, «Петропавл жылу желілері» ЖШС жөндеу ісіне жауапты слесарі:
-Бұл аумақта құбырды алмастыру оңайға түспеді. Жердің астында істен шыққан ескі құбырлар қалған екен. Солар бөгет болды. Біз жұмыс күнінің соңынан қалып, демалыс күндері де осында болдық. Енді 3 күнде аяқтаймыз.

Бүгінде жоспардағы істің 64%-ы орындалды. Жылу жүйелерін дер кезінде алмастырып, күзге сақадай сай болу үшін 70 жұмыс күші мен 40 техника жұмылып, күн-түн демей еңбектенуде. Осы аптаның жұмасында Брусиловский-Астана көшелеріндегі тұрғын үйлерге де ыстық су жіберіледі.

 Кәусар Аяпбергенқызы