ТЖ

ТЖД-дегі баспасөз мәслихаты

Жыл басынан өңірімізде 32 адам суға кеткен. Судағы жазатайым оқиғалар негізінен Қызылжар ауданы мен облыс орталығында тіркелген. Сондай-ақ демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуші  мамандар 8 адамның өміріне араша түскен. Айту керек, бұл азаматтардың тең жартысы суға мас күйінде шомылмақ болған. Бұл жағдай судағы оқыс оқиғалардың 80 пайызын құрайды.

Құрманғазы Сүйіндіков, СҚО төтенше жағдайлар департаменті суда құтқару қызметінің бастығы:
– Адамдардың өмір қауіпсіздігін сақтауда жергілікті атқарушы билік пен демалыс орны жетекшілерінің көмегі аса қажет. Әр ауданда құтқарушылар жұмыс істеуі үшін біз өз тарапымыздан тегін түрде оқыту жұмыстарын жүргізуге әзірміз. Өйткені адамдардың суда шомылу қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс.  

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары үшін суда құтқару қызметімен қатар өрт қауіпсіздігі де өзектілердің бірі. Жиында  орақ науқаны барысында тілсіз жаудың алдын алу шаралары мен білім беру ошақтарындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету де сөз болды.

Асқат Ержанов, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
– Біз 81 білім беру нысанын тексердік. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігі бойына бірқатар олқылықтар тіркелді. 38 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал аса қауіпті деген 16 нысанға қатысты материалдар сотқа жіберілді.  

Қазіргі таңда мектептер мен балабақшалардың  95% жаңа оқу жылына әзір. Ал өңіріміздегі жалғыз жоғары білім беру ордасындағы өрт қауіпсіздігі қажет деңгейде сақталмай отыр. Олқылықтар негізінен студенттердің  жатақханаларында  анықталған. Бұл мәселеге байланысты 14 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Өрт сөндірушілер олқылықтар толығымен жойылғанша білім ордасының жұмысын тоқтатуын талап етіп отыр.

 Инеш Шоқақова