Білім

Педагогикалық кеңес

 

Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында облыс педагогтары тамыз конференциясында бас қосады. Кеңесте олар атқарылған істерге баға беріп, болашаққа бағдар жасайды. Ең алдымен жиында ұстаздық жолға енді қадам басқан жастарға қошемет көрсетіледі. Салтанатты түрде ант қабылдағаннан кейін мамандарға облыс әкімі Серік Біләлов 105 мың теңге көлемінде көтермеақы табыс етті. Ал өңір педагогтарын жаңа оқу жылымен құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  “Болашақтың іргесін бірге қалаймыз” Жолдауында білім жүйесін жетілдіру мәселесіне айырықша көңіл бөлді. Еліміздің болашағы – жастарымызды білімді, отансүйгіш азаматтар ретінде тәрбиелеу біздің мақсатымыз. Бұл ретте ұстаздар қауымына жүктелген міндет зор. Сіздер жас ұрпаққа тәрбие беруде бар тәжірибе, күштеріңізді жұмсайды деген сенімдемін. Жаңа оқу жылымен құттықтап, сіздерге зор денсаулық, жас ұрпаққа білім беруде шығармашылық шабыт тілеймін.

Өңір басшысы облыстың білім жүйесінде оң өзгерістер байқалады деді. Жыл сайын бұл салаға бағытталатын қаржы өсіп келеді. Мәселен, 2010 жылы білім жүйесіне 26,6 млрд. теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 1,3 есе артыпты. Өз кезегінде бұл оқу-тәрбие үрдісінің жақсарып, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді. Аталмыш жүйедегі оң өзгерістер тиісінше білім сапасына әсер етті. Оның дәлелі – ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі. Орташа ұпай жыл сайын өсіп келетінін атап өткен жөн. Бұл жолғы отырыс “Отбасы, мектеп және қоғамның игілікті болашақ жолындағы өзара ынтымақтастығы” тақырыбын арқау еткен. Жас ұрпақты тәрбиелеу – бұл ортақ іс деген пікірде ұстаздар. Яғни, осы мақсатта мұғалімдер мен ата-аналар бірлесе әрекет етуі қажет. Өзара ынтымақтастықтың нәтижесі де зор болары анық. Бұл жолғы отырыстың бір ерекшелігі – кеңеске ауыл мұғалімдері он-лайн режимінде қатысты. Тимирязев ауданының педагогтары облыс әкімінен дарынды балалармен жұмыс жасайтын орталық құру мүмкіндігін сұрады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Дарынды балалармен жұмыс жасаудың маңызы зор. Үстіміздегі жылы бұл мақсатқа 5 млн теңге бөлінді. Талабы зор оқушылармен жұмыс жасайтын орталық құрудың мәні үлкен екенін бәріміз түсінеміз. Сондықтан облыста осындай орталық құрылатын болады.

Жиын соңында өңір басшысы үздіктерді марапаттады. Жақсы нәтижеге қол жеткізген мектеп директорлары облыс әкімінің ақшалай сыйлығына ие болды. Ал Ақжар ауданының  №6 кәсіптік лицейі, осы аудан мен Аққайыңдағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттеріне автокөлік сыйға берілді. Сондай-ақ осы саланың бірқатар қызметкерлері “ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері” және “Ыбырай Алтынсарин” төс белгілерімен марапатталды. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздарға да жиында құрмет көрсетілді. Облыс әкімінің алғыс хаттары мен сыйлықтар тарту етілді. Білім жүйесін дамыту бағытында осы күні біраз істің басы қайырылды, бірақ алда тұрған міндеттер бұдан да үлкен. Енді осы маңызды мақсаттарды орындауға барынша күш саламыз деп тарқасты кеңеске жиналған ұстаздар.
Айымгүл Әбілева