Қылмыс

«Донерде» жарылғыш зат табылған жоқ

 

Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары мен арнайы топтардың қызметкерлері «Донер» дәмханасы орналасқан 5 қабатты ғимаратты бірден қоршауға алған. Сонымен қатар қауіп сейілгенше Интернационал көшесіндегі қозғалыс тоқтатылып, тұрғындар қауіпсіз жерге шығарылыпты.

 Қанат Жолдасбаев, СҚО «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімінің командирі:
– «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімінің инженерлік-саперлік тобы жарылғыш заттарды іздестіру шараларына бірден кірісті. Кинологтар үйретілген қызметтік, иісшіл иттермен дәмхананың барлық бөлмелерін тексеріп шықты. Жарылғыш зат табылған жоқ.   

Жарылғыш заттарды іздестіру шараларына 40-тан астам полицей 1 сағат уақыт жұмсапты. Ғимарат толығымен тексерілген соң, дабылмен көтерілген барлық жедел қызметтер жұмыс орындарына таратылған.  Қазіргі кезде тәртіп сақшылары жалған хабар таратып, жұртты дүрліктірген азаматты іздестіру шараларына кірісті. Қоңыраудың “Донер” дәмханасына қарсы орналасқан дүкендегі таксофоннан соғылғаны анықталды. Жыл басынан мұндай жалған хабар таратудың 4 фактісі тіркеліпті. Оның үшеуі анықталып, кінәлілер жауапқа тартылған. Мұндай қалжыңбас азаматтар үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 242- бабы бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе аса ірі көлемде айып салу жазасы қарастырылған.