Қылмыс

Ит етінен кәуап пісірмек болған

 

 

 

«Рада»  деп аталған шығыс-еуропалық овчарканың иесі итін өзі жалға алған жеке меншік үйде 1-2 күнге қалдырып, өз жұмыстарымен кеткен. Оңтайлы сәтті пайдаланушылар да табылыпты. Үйіне оралған әйел   сұмдық көрініске тап болады: бір топ  мас жігіт итті бауыздап жатыр екен.  Ащы суға тойған жігіттерді    тоқтата алмайтынын түсінген әйел, бірден полицияға хабарлайды. Мұны естіген бұзақылар үй ауласындағы қан іздерін топырақпен жауып, өлі иттің денесін жақын жерге жасырыпты. Алайда  көп ұзамай полицейлер күдіктілерді ұстап, айғақ заттарды тәркіледі. Олардың үй иесінің таныстары екендігі анықталған. Бірге ішімдік ішіп отырғанда бөтелкелестердің біреуі аулада жүрген итті өлтіріп, кәуап жасауды ұсыныпты. Ұсталғандар бұрын шартты түрде сотталған 22 және 24 жастағы ер адамдар. Қазіргі кезде оларды жауапқа тарту мәселесі қарастырылуда.

Инеш Шоқақова