ТКШ

Коллекторды ауыстыру жұмыстары созылып кетті

 

Ғабит Мүсірепов және Шоқан Уәлиханов көшелерінің қиылысындағы коллектор апаттық жағдайда болған екен. Бұл хабарға таң қалғандар болмады. Өйткені құбырды орнатқалы 50 жыл өтіпті. Сондықтан да «Петропавл су» АҚ құбырды жаңасына алмастыруға бел буған. Алайда жұмысшылардың білек сыбана кіріскен ісі 2 аптаға созылды.

Александр Баранов, «Петропавл су» АҚ учаске бастығы:
Диаметрі 300 миллиметр болатын коллектор өте ескі. Апаттың орын алғанына осы себеп болды. 60-шы жылдары орнатылған құбыр әбден шіріді. Бүгінгі күні диаметрі 400 миллиметр болатын жаңа коллекторға ауыстырмақпыз.

«Петропавл су» АҚ өкілдері бұл жұмысқа жергілікті атқарушы органдардың келісімінсіз кіріскен көрінеді.

Ғали Абдрашев, Петропавл қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімінің жетекші маманы:
-Бұл жұмыс қала әкімдігінің келісімінсіз жасалып жатыр.
Алдағы уақытта тиісті шараларды қолданамыз. Мемлекеттік құрылысты бақылау және МАИ қызметкерлеріне хат жолдаймыз.

Апаттық жағдайдағы коллекторды дереу ауыстыру керек болғанда қала әкімдігінен рұқсат сұрап уақытты көпке созбаған жөн дейді «Петропал су» АҚ өкілдері. Олар бұл жұмысты тамыздың 16-сы аяқтаймыз деп отыр. Алайда бүгін өз міндеттеріне кіріскен кезде техникалары да істен шықты. Ал жұмысшылар болса істі тоқтатып, басқа эксковаторды күтуде. Көпке созылған іс тұрғындарды да әбден қажытты. Өз игілігіміз үшін барлығына сабырлық танытып көнуге дайынбыз, тек тозған құбырды жаңасына ауыстырып, бар істі сапалы тындырса болғаны дейді олар.

Терезелерді аша алмаймыз. Өйткені жағымсыз иіс әрі шаң-тозаң үйге кіреді. Қазып көміп тастағын, кейін қайтадан қазды.
Құбырлар ескі. Ешкім жөндемеген. Тыныштықты бұзса да бұл жұмысқа қарсы емеспін. Өйткені өзіміз үшін керек.
1 апта бұрын барлығын аяқтаған секілді. Кейін қайтадан барлығын қазып тастады, барлық жұмысты сапалы әрі тез орындаса екен деймін.


Айдана Демесінова