Бизнес және экономика

Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау

 

Сабыр Бекқожин тасымалдау кәсібін осыдан он шақты жыл бұрын қолға алыпты. Халықтың қажетін жеткізу, алысты жақындату қолынан іс келетін азаматқа аса қиын бола қойған жоқ. Кейін өзгелер бара қоймайтын шет елдерге шыға бастады. Соңғы жылдары көліктері Балтық жағалауын аралап кететін болды. Апталап жүретін жолға шыдас беруге көліктің мықтысы, жүргізушінің тәжірибелісі керек.


Сабыр Бекқожин, «Бекқожин»  ЖК директоры:

-Еуропаға шығу үшін жақсы машина керек. Банкте «Даму»  кәсіпкерлікті қолдау қорының  көмегін алу керек деп шешім берді. «Даму» қорынан процент жағынан көмек болды.  

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегімен банктен алған несие шетелдік көліктің біреуін алуға жетіпті. Қор несиенің пайыздық үстемесінің жартысын өтейді. Осының арқасында немістің үлкен көлігі сапқа қосылды. Әзірге жүргізушілер жаңа көлікті жолда тексеріп жүр.

 Александр Калинин, жүргізуші:

-Жаңаның аты жаңа ғой. Жөндеу жұмыстары аз. Еуро-5 стандартындағы көлік болған соң шуы да аз. Айлап жолда жүресің , көлігің сенімді болғаны жақсы.

Тапсырыс әдетте тек Қазақстан ғана емес, Қызғызстан, Өзбекстаннан да түседі. Тауарды уақытында жеткізіп беру керек. Бағытқа кәсіпкердің бес көлігі шығып жүр. Техниканы жөндеу үшін арнайы орын да салынған. Он шақты жұмыс орны бар. Кепілдік мүлік табылып жатса, тағы бір көлікті бағытқа шығару жоспарда бар. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры жыл басынан бері мұндай 5 кәсіпкердің несиесінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялаған. Мұндай жобаларға мемлекеттен 16 миллион 405 мың теңге бөлінген.

Әсем Рахметова