ТЖ

Жағажайлардағы қауіпсіздік бақылауда

 

 

 

Тамыздың 1-нде шомылу маусымы жабылды. Десе де жаздың жайдары күнінде суға шомылып ыстығын басамын дегендерге бұл тосқауыл емес. Сондықтан демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Есіл өзені мен  Пестрое  көліндегі жағажайларда жұмыс жанданды. Онда құтқарушылар мен тәртіп сақшылары сағат 11-ден кешкі 9-ға дейін кезекшілік атқарады.

Сергей Черкасов,  суда құтқару станциясының бастығы:
– Біз көмекке келуге 100 пайыз дайынбыз. Сонда да әр адамның сақтығы өз қолында екенін ұмытпаған жөн. Белгіленбеген жерлерде суға түсуге тыйым салынады. Ішімдік ішпеген абзал. Балаларды үлкендердің қарауынсыз жібермеу керек.   

Өткен жылғы шомылу маусымында 44 адам суға кетіпті. Оның 8-і ата-ана қарауынсыз су жағалаған жасөспірімдер. Құтқарушылар 70 адамды өлім аузынан аман алып шыққан екен. Жапа шеккендердің көбі араққа тойып алып, белгіленбеген жерлерде малтыған. Ал арнайы жағажайларда бір де бір қайғылы оқиға тіркелмепті. Биыл да жерлестерімізге өзгелердің қателігі сабақ болмаған сыңайлы.

Ерлан Игенов, СҚО ТЖД суда  құтқару қызметінің құтқарушысы:
-Биыл 30 адам батты, оның ішінде 2 жасөспірім. Арнайы белгіленген жерлерде биыл оқиға болған жоқ. Ал белгіленбеген жерлерде суға кету жиі тіркелді.  

Сондықтан құтқарушылар Есіл өзенінің бойы мен көлдерді аралап, ұдайы тексеріп отырады. Алайда суда құтқару қызметі мамандарының ескертуін қауіпті аудандарда шомылып жүргендер елеп жатқан жоқ. 31 адамнан тұратын штаттық құрам су көздеріне бай өңіріміздің қай жеріне жетсін.

Ерлан Игенов, СҚО ТЖД суда  құтқару қызметінің құтқарушысы:
– Алды күні ескерту жасалды патруль жүрген кезде. 2 сағаттан соң хабар түсті ол кісі батып кетті деп. Белгіленбеген жерлерде суға түсуге рұқсат жоқ. Өте қауіпті, ешкім құтқарып үлгермейді, арты қайғылы аяқталады.

Бүгінде 31 құтқарушының 18-і гидрокостюмдермен толықтай қамтылған сүңгуірші. Олардың оңай емес қызметтеріне 1 катер, 8 моторлы, 20 желкенді қайық көмекші.

Жеңіс Ермұқанов