Білім

Ұстаздар тамыз мәслихатына жиналды

 

 

 

 

Білімді, сана-сезімі жоғары тәрбиелі ұрпақтың өсіп-жетілуіне оның қоршаған ортасы тікелей әсер етеді. Ал оқушының негізгі қоршаған ортасы мектеп пен отбасы болғандықтан олар тығыз байланыста болулары керек. Осындай ортақ пікірге келген қазақстандық ұстаздар қауымы биыл “Отбасы, мектеп және қоғамның игілікті болашақ жолындағы өзара ынтымақтастығы” тақырыбында әңгіме өрбітті.

Ақмарал Ілиясова, облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының кабинет меңгерушісі:

– Елбасы өз жолдауында адами қазынаны молайтып, балалар тәрбиесіне тиісті үлкен жауапкершілік жүктеді. Секциядан кейін білім беруді дамытудың бағдарламасын іске асыруға барынша ықпал жасаймыз деп ойлаймын.

Солтүстікқазақстандық педагогтар аталған тақырыпты өзара 20 секцияға бөлініп талқылады. “Балалар мен жастар бойында қоғамдағы өмірге қажетті тұлғалық және кәсіби қасиеттерді қалыптастыру” мәселесі бойынша 100-ге жуық адам қатысқан 2 секция жұмыс істеді.  

Бақыт Нұрышева, облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының аға әдіскері:
-Облыс деңгейінде жыл бойы көрсеткен нәтижелері бойынша әлеуметтік педагогтар өз тәжірибелерімен бөліседі, тренингтер өткізеді.

Конференция қонақтарын қабылдаған қазақ мектеп-гимназиясы отбасы мен білім ошағы арасындағы байланысты әуелден-ақ орнатып үлгеріпті. Алдағы оқу жылында олар сол ынтымақтастықты нығайта түспек.

Теңдік Құлмағанбетова,  қазақ мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Біз тәрбиені ата-аналарға жүктемейміз, олармен бірлесіп тәрбиелейміз. Ағартушылық жұмыстар өткізіледі, СӨС орталығының қызметкерлерімен, заңды тұлғалармен кездесу өткіземіз.

Тамыз конференциясы белсенді ұстаздарды марапаттау рәсімімен аяқталады. Ал осы айдың 25-і күні облыс делегациясы Елордада өтетін республикалық жиынға аттанбақ.

Кәусар Аяпбергенқызы