ТЖ

Өрт сөндірушілер жарысы

 

 

 

 

Отқа оранған үйдің иелерін құтқаруда бұл жаттығудың маңызы зор.  

Серік Ғайсин,  СҚО ТЖД “Өрт сөндіру қызметі және апаттық-құтқару жұмыстары” ММ бастығының орынбасары:
-18 топ бақ сынасуда. Әрбір команда 5 адамнан тұрады. Қалалық және аудандық өрт сөндіру бөлімдерінің барлығы белсенділік танытуда. Бүгінде үздіктер анықталып, сыйлықтармен марапатталады.

Алмат Айсақов нысанға баспалдақпен 18 секундта көтерілді. Бұл үздік көрсеткіш. 7 жыл адам өмірін құтқарып келген азамат осындай сайысқа 5-ші жыл қатысып отыр. Өзге бөлімшелердің білектілерімен күш сынасу, өз мүмкіндігіңді арттыруға септеседі дейді Алмат.

Алмат Айсақов,  2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:
-Осы жарысқа көп жылдан бері қатысамыз. Дайындалғанымызға 2-3 ай болды. Өз өрт бөлімімнің намысын қорғаймыз деп ойлаймыз.

Өрт сөндірушілерді шешуші сәтте қолдау үшін ізбасарлары келген екен. Данил Дремасов қолданбалы өрт сөндіру спортының республикалық чемпионатында өңіріміздің намысын қорғаған болатын. Туған-туысқандарының арасында осындай қауіпті мамандықты таңдаған жандар болмаса да, 14 жасар жеткіншек болашақ өмірін осы саламен байланыстыруға бел буыпты.

 Данил Дремасов:
– Маған өрт сөндірушілердің кәсібі ұнайды. Алдағы уақытта құтқарушы болғым келеді. Түрлі жарыстарға қатыстық. Бүгін міне таныстарымызды қолдау үшін жиналдық.

Жарыс қорытындысы бойынша  жабдықтарды жазу сайысында және жалпыкомандалық есепте  №3  мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі жеңіске жетті. 100 метрлік кедергілерді бағындыруда Қызылжар ауданының намысын қорғаған Тимур Омаров үздік атанса, шабуыл баспалдағымен жылдам көтерілуден Алмат Айсақов топ жарды.

 

Айдана Демесінова