Аптадағы маңызды жаңалықтар

Алина Сапожниковаға жедел ота жасау керек

 

 

 

Алина Сапожникова мерзімінен үш ай бұрын туыпты. Дүниеге келгенде салмағы не бары 970 грамм болған нәресте 1 жасқа келгенде мүгедек болып қалды. Дәрігерлер сәбидің тірек- қимыл жүйесі зақымдалған деген диагноз қойыпты. Кейін мамандар қыз баланың сол жақ жамбасы шығып кеткендігін анықтайды.   Балдаққа байланып қалған Алинаның сол аяғы оңынан 5 сантиметрге қысқарып қалды. Енді оған жүрмек түгіл тұрудың өзі қауіпті.

Ольга Сапожникова, Алинаның анасы:
-Ресейдің Елизаров атындағы “Ортопедия және  қалпына келтіру” ғылыми орталығының мамандары қызымды аяғына тұрғызамыз деді. Ол үшін 4 бірдей ауыр ота жасау керек. Алайда әр күн ауадай қымбат. Өйткені кешіктірсек Алина өмірбақи мүгедек арбасына таңылып қалуы әбден мүмкін.  

Өмірлік армандарына қол жеткізудің мүмкіндігі туатынын естіп, көздерінде үміт оты жарқыраған жалғызбасты ана отаның құнын көтере алмайды. Ольганың табысы 25 мың теңге ғана екен. Баласы үшін  зар жылаған ананың соңғы үміті –  қайырымды жандардың көмегі.

Ольга Сапожникова, Алинаның анасы:
– Емдеу жарты жылға созылады. Оған 350 мыңға жуық ресей рублі қажет. Ондай сома түгіл жалақым дәрі-дәрмекке де жетпейді. Қазақстанда бұндай оталар жасалмайды. Ал шетелдік емдеуді үкімет қаржыландырмайды екен. Қызым қатарластарымен зыр жүгіре алатын мүмкіндігі бар. Енді тек мәселемізге немқұрайлық танытпайтын қалталы адамдар қаржылай көмек көрсетсе, маған одан асқан бақыт болмас еді.

Қиындыққа мойымай, іспен жеңуге үйреніп алған 13 жасар жігерлі қыз бүгінде ел қатарлы білім алып, оқу үздігі атанып жүр. Сондай-ақ шығармашылыққа да беріліп, түрлі байқауларда ән шырқап үздіктердің қатарынан көрінеді екен.

 Алина Сапожникова:
– Менің әр мерекеде тілейтін бір ғана тілеуім бар. Тезірек жүріп кетсем деймін. Бұл менің әуестігімді кәсіби әнші болуға жылдамырақ жетелер еді.  

Бұл арманның орындалуына 2 млн теңгедей қаражат керек. Алина мен анасы оталар сәтті өтетініне кәміл сенеді. Тек оған қол ұшын беретін жандар көмектерін кешіктірмесе.

Жеңіс Ермұқанов