Спорт

Велошабандоздар турнирі

 

 

 

 

Кеңес Одағының чемпионы, спорт шебері Алексей Мартыновичті еске алуға арналған дода шымылдығын жекелей сын аштты. Бұл кезеңде   еліміздің үздік деген 130 сайыскеры әуежай тас жолының 10 шақырымын бағындырды. Дәл осы тартыс түрінің өткен жылғы жеңімпазы қызылордалық Асылхан Тұрар бұл жолы да жетістігін еселеуге дәмелі.

Асылхан Тұрар, сайыскер, Қызылорда қаласы:
– Солтүстік өңірге тек жеңіс үшін келдік. Тренеріміз жақсылап дайындап Петропавлға әкелді. Разделка – менің сүйікті сыным жеңуге тырысамын.

Солтүстік Қазақстан құрамасының 1-ші нөмірлі шабандозы Богдан Гапотченко да үздік атану үшін жақсылап сайланғанын айтады. Спорт шеберіне үміткер жерлесіміз былтырғы тартысты 2-ші орынмен аяқтапты. Биыл есемді қайтарамын деп жігерленіп отыр.

Богдан Гапотченко, сайыскер, Петропавл қаласы:

-Басты мақсат – облысымыздың намысын абройлы қорғау. Туған жерде жеңілуге болмайды. Велосипедімді майлап-сайладым, сыр бермесе мен көш бастауға дайынмын. Ұлттық құраманың сапынан көріну үшін барымды саламын.

Олимпиадалық ойын бағдарламасына енетін спорт түріне деген жастардың құлшынысы жыл санап артып келетін көрінеді. Былтырмен салыстырғанда биыл бақтары мен баптарын сынап көргісі келгендердің қатары бірден екі есе артыпты. Бәсеке бар жерде нәтиже де көңіл көншітуі тиіс дейді ұйымдастырушылар.

Владимир Парахин, велоспорттан олимпиадалық қордағы балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры:
– Жарыс сайыскерлердің санымен қатар сапасының артқанын көрсетіп отыр. Әр құрама тәп-тәуір дайындалып келіпті. Бұл тәжірибе алмасып, шеберлік шыңдаудың тамаша мүмкіндігі. Көпкүндік жарыстың қорытындысы бойынша суырылып алға шыққан үздіктерден еліміздің ұлттық құрамасы жасақталатын болады.

Бүгін сайыскерлер үшін басты сын. Өйткені оның нәтижесі бойынша қалған 2 топтық, командалық және критериум кезеңдерінде алғы шепті бастайтындардың есімдері анықталатын болады. Қорытынды сын тамыздың 14-і күні облыс орталығының көшелеріндегі жарыс жолында өтпек.

Жеңіс Ермұқанов