Билік

Тамыздың екінші жексенбісі – құрылысшылар күні

Құрылыс қарқынының артуы алдымен ел экономикасына, халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей байланысты. Облыстағы жанданған құрылыс осының айғағы.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

 

 

-Үстіміздегі жылы 28 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Облыс орталығында 126 пәтерлі коммуналдық, Тимирязев селосында 12 пәтерлі үй пайдалануға берілді. Облыста құрылыс қарқыны өсті. Жұмыс көлемімен қатар құрылысшылар көбейіп келеді. Бұл мамандықты таңдағандар қатары толығып жатыр.

Облыс құрылысшылары әлеуметтік нысандар, тұрғын үй, жол құрылысына белсене кірісуде. Әр нысанда жұмыс қызған. Құрылысшылар бұл салаға бөлініп отырған мемлекет қаржысының да артып келетінін атайды.

Игорь Киселев, СҚО құрылыс басқармасының бастығы:

– 2007 жылы облыс құрылысшылары 1,4 миллиард теңгені игерген. 2007 жылы 7,2 миллиард теңгенің жұмысын атқарды. Ал биыл 10 миллиард 700 млн теңгені игеру керек. Биыл 120 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылуы тиіс. Жалға берілетін тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жинақ банкінің бағдарламасы бойынша жұмыс істеудеміз. «Ақ бұлақ» бағдарламасына қатысамыз.

Кәсіби мереке қарсаңында облыстағы құрылыс саласындағы жетістіктерді саралау дәстүрге айналған. Бұл жолы да үздіктер облыс әкімінің , құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігі басшысының құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталды. 40 жылға жуық тас қалаушы болып еңбек еткен Болат Джазин марапатталғандар қатарында. Облыс орталығындағы талай үйдің кірпішінде осы маман қолының іздері жатыр. Ал облыс әкіміне бұл жолы құрылысшылар атынан каска табыс етілді. Кәсіби мереке қарсаңында алдағы жоспарлар да назардан тыс қалған жоқ. Солтүстікқазақстандық құрылысшылар алдында үлкен міндеттер тұр.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Биыл облыста  Тұңғыш Президент мектебінің құрылысы басталады. Ал 2012 жылы бірінші қыркүйекте ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл үлкен кешен. Біздің құрылысшыларымыз осы жұмысқа қатысуы керек. Солтүстік коллектордың құрылысы жоспарланып отыр. 1,5 миллиард теңгенің жұмысы жүргізіледі. Өзге де нысандар бар. Жұмыс мол.

Әсем Рахметова