Қоғам

Өңірдегі діни ахуал тұрақты

 

 

 

Еліміздегі діни ахуалдың соңғы жылдары күрделене түскені жасырын емес. Содан болар дін мәселесі қазіргі қоғамның жиі талқылайтын өзекті тақырыбына айналып отыр. Осыған байланысты Елбасының Жарлығымен үстіміздегі жылдың мамыр айында осы саланы бақылап, дін мен мемлекеттің қарым-қатынасын реттейтін Дін істері жөніндегі агенттік құрылды. Жаңа мемлекеттік орган конфессияралық келісім мәселелерімен айналысып, еліміздегі діни ұйымдармен жұмыс жасайды.

Дәуренбек Құсайынов, дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры:
-Агенттікке арнайы мамандықтары бар, дін істерін білетін, діни ерекшеліктерді, діни ахуалды білетін мамандарды алуға тырысып жатыр. Бірақ жуырда бас мүфтиіміз халықпен сөйлескенде айтқандай, бұл бағыттағы мамандарды даярлау бүгінгі қоғам талаптарына сай емес. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды қолға алу басталды.

Агенттік алдында маңызды міндеттер тұр. Негізгі мақсат ұлттық діни көзқарасымызға сай келмейтін теріс пиғылдағы ағымдар мен секталардың жұмыстарын қатаң бақылап, заңбұзушылыққа жол бермеу болып отыр. Әсіресе, жастарға айрықша назар аудару қажет. Бүгінде өскелең ұрпақтың радикалдық діни ағымдардың ықпалына түсіп кеткендері де бар .

Сержан Оразбайұлы,  қазақ-түрік университетінің оқытушысы, дінтанушы:
– Жастар білмейді. Тек дін қызметкерлері ғана жұмыс істемеу керек. Мектеп, отбасы, атқарушы билік, ақпарат құралдары бар. Азаматтық жауапкершілік болу керек. Дәстүрлі діндердің мәртебесін көтеру керек. Құқықтық жағынан да істеуге болады. Өркениет жолымен. Тәжірибеде бар – Батыс елдерінде. Бұған біз де келеміз. Заңға да өзгеріс енгізілуі мүмкін. Мемлекеттің дін саясаты концепциясы қайта қаралуы мүмкін.  

Ақпараттық үгіт-насихат тобының мүшелері облыстарға шығып, өңірлердегі діни ахуалды байқауда. Халықпен кездесіп, жұртшылықтың бұл бағыттағы ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдау мақсатын қойған. Қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Болат Сағындықов елімізде діни жат ағымдарға қарсы жүйелі жұмыстың жоқтығын алға тартты. Бүгінде бұл бағыттағы шаруа мейлінше ақсап тұр дейді ол.  

Болат Сағындықов, қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
Дінді насихаттайтын имамдар, молалалар ғана. Олардың қолы жете бермейді. Бұқара халықпен жұмыс істейтін ешкім жоқ. Негізгі жұмыс халықпен болу керек. Шенеуніктерге айтып не қажеті бар. Олар жай да біледі. Дүние пәле халық арасында.  

Бақтығали Шәпиев, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университет профессоры,  дінтанушы-ғалым:
-Идеологиялық жұмыс ақсап жатыр. Тура айтуымыз керек. Облыстарға барамыз осы жұмысқа жауапты ішкі саясат бар, департамент бар – солармен сөйлесіп қарасақ, облыста аудандарда не болып жатқанын білмейді.

Ендігі міндет осы бағыттағы жұмысты мықтап қолға алу керек. Бұл қоғам болып көтеретін іс. Жалпы, бүгінгі таңда біздің облыста діни ахуал тұрақты. Десек те тізгінді босатуға болмайды. “Індеттің тарап кетуі оңай” дейді кездесуге келгендер. Сондықтан алдын алу жұмыстарына үлкен көңіл бөліп, кешенді шараларды қолға алу қажет.

 Айымгүл Әбілева