Ауыл шаруашылығы

Орақ науқанына әзірлік

 

  

 

 

 

 Семинарға орай заманауи әрі өнімділігі жоғары астық, жем-азық жинауға жұмылдырылатын техникалар көрмесі ұйымдастырылды.  Көрмеге Қазақстан мен Белорусь елі бірлесіп  құрастырған «Қызылжар -1300» комбайны, америкалық «Балзер 1500» атты астық таситын тіркемелер де қойылған. Өңір басшысы көрмені тамашалаған соң, алқаптарды аралады. Серік Біләлов диқандарға орақ науқанына дер кезінде кірісуді тапсырды. Сондай-ақ егістіктерде арнайы өңдеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. Аққайың ауданында ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы жұмыс істейді. Мамандар бидайдың жаңа түрін шығарудың қамында. Дәнді дақылды өсірудің түрлі кезеңінде кәдеге жарайтын «Биоплант флора» минералдық тыңайтқышы назардан тыс қалмады. 5 сұрыпты картоп және қарақұмық алқаптары да бағамдалды. Қысқа жем-азық дайындау барысы көңіл көншітерлік. Шаруа аяқталуға жақын.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Биыл облысымызда егін бітік шықты. Мұндай өнім соңғы жылдары болған емес. Енді алдымызда сары алтынды ысырапсыз жинау міндеті тұр. Қолда бар техниканы дұрыс пайдалануымыз шарт. Жұмысты екі ауысымда жүргізген дұрыс. Мұнымен қоса бидайды қырман басынан элеваторға тасымалдауды да қазір шешіп қоюымыз керек.

Орақ науқанына әзірлік семинар-кеңесте қаралды. Рүстем Елубаев мінберге шықты. Тек оның есебі төңірегінде сауалдар туындады. Мәселен, «Транс-авто» серіктестігінің қарамағында 9 элеватор бар. Саны көп болғанымен, сапасы жоқ. Кейбірі астықты қабылдауға әлі әзір емес.  Облыс әкімі Серік Біләлов бірнеше күн ішінде мәселелерді шешуді тапсырды. Өткен жылғы науқандағыдай элеваторлар әбігерге салмауы тиіс, деп ескертті өңір жетекшісі.  Дер кезінде шаруасын атқара алмай, кешеуілдетіп жүрген агроқұрылымдардың жағдайы да алаңдатарлық. Серік Біләлов аудан әкімдеріне орақ науқанына мықтап кірісу керектігін тапсырды.  Тәуелсіздіктің 20 жылдығында өнімділік те жоғары болғаны ләзім, деп атап өтті облыс әкімі.