Спорт

Колониядағы спартакиада

   

Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған жазаларын өтеушілердің арасындағы дәстүрлі жазғы спартакиада еліміздің әнұранымен ашылды. Шараға қатысқан мемлекеттік қызметшілер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сайыскерлерге сәттілік тілеп, шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Облыстық кекушинкай каратэ федерациясының тәрбиеленушілері шығыс жекпе-жегінің дәстүрлі кумите, ката түрлерінен шеберліктерін байқатты. Спорттық қойылымдардан кейін жарыс басталып кетті. Сайыскерлер алдымен шағын футболдан бақтарын сынады. 164/3 түзету мекемесінің құрамы мен 6-шы жасақтың әуесқой аяқ допшылары  кәдімгідей шеберлерге тән ойын өрбітті. Ұтымды пастар соңғы нүктесін тауып отырды. Қақпаға 8 мәрте доп соғылды. Бұл жеңіске Ақжан Ахмедтолиннің қосқан үлесі аз емес. Ол грек-рим күресінен әлем біріншілігінде жеңіске жетіп, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленген.

 Ақжан Ахмедтолин, 164/3 түзету мекемесінде жазасын өтеуші:
– Алдында өзім спортпен айналыстым, осында түскесінде спортпен айналысып жатырмын. Спорт көрсету ғана емес, өзінің денсаулығың үшін де, бойың ашылып, көзқарасың басқа болады. Бір жағынан уақыт та өтеді тезірек бостандыққа қарай.  

Сондай-ақ жарыстың алғашқы күнінде темір тордың ар жағына тоғытылғандар “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің волейболшыларымен тартысқа түсті. Алаң иелері кәсіпқой спортшыларға оңай шағылар жаңғақ еместіктерін бірден танытты. Алғашқы екі кезеңде ойын 1-1 есебімен тең аяқталғанымен, жарыс қорытындысы бойынша шеберлік танытқан қонақтар жеңіске жетті. Бірақ ең бастысы спорттық шаралар қоғамнан оқшауланған адамдардың денсаулықтарын нығайтып қана қоймай, дұрыс жолға түсулеріне септігін тигізеді дейді ұйымдастырушылар.

Айқын Бәженов, 164/3 түзету мекемесі бастығының орынбасары:
– Спорттың сотталғандардың арасында тәртіпті  түзеуге өте зор маңызы бар. Әр сотталған спортпен шұғылданғанда бар жамандықты артта тастап, тек қана бір-бірінің арасындағы татулыққа тартады.  

Жекелей және командалық сындардың жеңімпаздары тамыздың 29-ы күні анықталмақ. Осы аралықта 8 жасақтың үздік деп танылғандары доп, үстел ойындары, ауыр және жеңіл атлетиканың 11 түрінен сынға түсетін болады.

 Жеңіс Ермұқанов