Бизнес және экономика

Кәсіпкерлер форумы

Тапсырыс портфелі миллиардтаған теңгені құрайтын өнеркәсіп, қызған өндіріс, сауда-саттық, халыққа сапалы қызмет көрсету саласы – бұл ел тәуелсіздігінің 20 жылында жеткен жетістіктер. Елбасы қойған міндет 2020 жылы әлемнің инновациялық экономиялы елдерінің қатарына ену. Облыста бұл бағыттағы жұмыс қызған.

 

 

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Облыста 29 мыңнан аса бизнес субъектілері бар. Оларға барлық жағдай жасалуда. Алдағы уақытта шикізаттық емес саланы дамытуға күш жұмсалуы керек. Агроөнеркәсіпке күш салу міндеті тұр. Өсімдікпен қатар мал шаруашылығын дамытуымыз керек.

Елімізде кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бағдарламаның сан түрі бар. Кәсіпкер таңдауына «Экспорттаушы -2020», «Инвестор», «Өнімділік- 2020» , «Дағдарыстан кейінгі сауықтыру» бағдарламалары ұсынылған. Көш басында «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы.

Тотыкамал Құлжанова,  СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы:

-Берілген бағдарламалар алдымен кәсіпкерлердің қызығушылығын тудырады. Жұмысты ілгері жылжытуға құлшыныс пайда болады. Сонымен қатар олардың ісі жүрсе, еліміздің экономикасы дамитынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан мемлекет ұсынған бағдарламалардың барлығы алдымен бар кәсіпорындарды модернизациялауға, жаңашыл жобаларды енгізуге бағытталуы керек.

Кәсіпкерлер өткен жылдан бері «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасына ерекше иек артып отыр. Үстіміздегі жылы бағдарлама бойынша облысқа 1 миллиард 328 миллион теңге бөлінбек. Бүгіннің өзінде 800 миллионға тарта қаржы бюджеттік қолдау жасауға жұмсалыпты. Сондай-ақ «Солтүстік » әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы әр саладағы 23 бизнес-жоба қаржыландырылған. Серіктестік «Сыбағаны» таратуды қолға алыпты. Тұрғын үй құрылысы бағдарламасына да белсене кірісті. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған ондаған бағдарлама өз нәтижесін беріп жатыр. Жергілікті кәсіпкерлер бірнеше бағдарламаның жеңілдігін пайдаланудың да жолын игеріпті.

Марат Қожахметов, «Диқаншы» ЖШС заңгері:

-Біздің өніміміздің 30 пайыздан астамы экспортқа арналған. Банк кредиттерін де біраздан бері алып жүрміз. Қаржылық дағдарыс кезінде біз қондырғыны монтаждауды қолға алған едік. Осындай қиындықтардан «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының арқасында шықтық. Біз субсидиялау арқылы 24 миллион теңгемізді үнемдедік. Енді өнімін экспортқа шығаратын кәсіпорындарға көрсетілетін қолдауға да өтініш бермекшіміз.

 Бірлік Сұлтанов,  шаруа қожалығының басшысы:

– Биыл «Сыбаға» бойынша 3 миллион теңге алдық. 29 бас. Жылқымыз бар, қойымыз бар.

Облыс кәсіпкерлері де осы жерде бизнесті жүргізу бойынша сауалдарын қойып,  атқарушы билік пен қаржы институттары өкілдері тарапынан жауап алды. Бұдан кейін облыс әкімі «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады. Алты жыл бұрын тәтті өндіру цехын іске қосқан Сұлужан Орымбаева үздіктер қатарында.

Сұлужан Орымбаева, жеке кәсіпкер:

– Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің көрмесіне біз бар өнімізді қойдық. Біз заманауи технологиялар бойынша, еуропалық үлгімен жұмыс істейміз. Біздің еңбегімізді бағаланғанына өте қуаныштымын.

Өнімдері мен көрсететін қызметтері үздік танылған кәсіпкерлер енді байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды.

Әсем Рахметова