Денсаулық сақтау

Израиль дәрігерлерінің жұмыс сапары аяқталды

Бес күн ішінде израильдік дәрігерлер жергілікті кардиохирургтармен бірлесіп жүрекке 12 күрделі операция жасаған. Бүгінде науқастардың жағдайы жақсы. Алдағы уақытта бұл жемісті әріптестік жалғасын таппақ. Бұл мақсатта  облыстық әкімдік пен “MVI”   Израиль медицина орталығы арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасалды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Израильдік дәрігерлердің біздің облысқа жасаған сапарының қорытындысы бойынша келісім жасалды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Израильдік дәрігерлердің біздің облысқа жасаған сапарының қорытындысы бойынша келісім жасалды.

2011 жылдың соңына дейінгі жоспарды бекіттік. Айына облыста жүрекке 10-12 операция жасалатын болады. Сонымен қатар 2012 жылға ауқымды бағдарлама жасалды. Сөйтіп, алдағы уақытта жемісті әріптестік орнатуды көздеп отырмыз.

Меморандум аясында сондай-ақ Петропавлда экстракорпоралдық ұрықтандыру орталығын ашу көзделіп отыр. Бір ай ішінде орталықты құруға қатысты барлық мәселе шешілмек. Ал бұл бағытта өз тәжірибесімен профессор Шеваха Фридлер бөліседі. Дәрігер бұл салада 30 жылдан астам еңбек етіп келеді.

Шеваха Фридлер, ” Assaf Harofeh” медицина орталығының профессоры:
-Екі күн ішінде отыздан астам әйелді қабылдап, кеңес бердім.
Бұл бірқатар мәселелерді түсінуге септігін тигізді. Экстракорпоралдық ұрықтандыру орталығын құру сәби сүйе алмай жүрген отбасыларға үлкен көмек болмақ. Солтүстікқазақстандық дәрігерлер кәсіби мамандар, сондықтан бұл жұмысты сәтті жүргізе алатынына сенімдімін.

Шетелдік мамандар солтүстікқазақстандық дәрігерлердің біліктілігін жоғары бағалап отыр. Сондықтан алдағы уақытта бірлескен жұмыстың жемісті болатынына сенімді.

Амир Кремер, «Imedical» медицина орталығының кардиохирургы:
Біз операцияларды бірлесіп жасадық. Енді әр келгенімізде жаңа әдіс қолданатын боламыз. Орталықтағы қондырғылар бұған толық мүмкіндік береді. Әрі мұндағы хирургтар тәжірибелі, біліктіліктері жоғары деңгейде. Тағы бір маңызды жәйт, бірлескен жобаны облыс басшылығы қолдап отыр. Айту керек, медицинаны дамыту үшін бұл ең тиімді жол болып табылады.

Наталья Хедват, “MVI” медицина орталығының бас директоры:
-Бұл ұзақ мерзімді әріптестіктің басы ғана деп сенеміз.
Алдағы уақытқа нақты жоспарларды айқындадық. Енді бірлесе жұмыс жасайтын боламыз. Айына бір рет сіздерге мейман боламыз.

Өз кезегінде солтүстікқазақстандық дәрігерлер израильдік әріптесерінен мол тәжірибе алғандарын айтады.

Игорь Шумаков, кардиология орталығының кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:
-Израильдік әріптестерімізбен жақсы жұмыс істедік.
Бірлесе жасаған операциялар сәтті өтті. Енді алдағы уақытта да өзара тиімді әріптестік  орнатып, жемісті жұмыс жасаймыз деп ойлаймын.

Кардиологиялық орталықта алғашқы уақытта жылына 250 ота жасалады деп көзделіп отыр.

 Айымгүл Әбілева