Құқық қорғау органдары

Дипломаттың ісі сотта қаралуда

Тіл білмейтінін алға тартып, барлық істің орысша жүргізілуінен бас тартқан сезікті, кейін белгісіз себеппен бұған өз келісімін берді. Бұл жөнінде күдіктінің қорғаушысы Кенжебаева: «Ол – дипломат, сондықтан қазақ, монғол, ағылшын, француз және орыс тілдерін жетік меңгерген» – деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол сот процесін видеотаспаға түсіруге қарсы емеспіз деді.  Бұған дейін қорғаушы сот отырысы барысындағы кез келген видеотүсірілімге қарсы болған. Одан соң дипломат Мадияр Нұрхановтың өзі сөз сұрап, іс жүргізу барысында өрескел қателіктер кетіп жатыр деп мәлімдеді. 
Екінші күдікті Ерік Қадырбаев прокурордың айыптауымен ішінара келісіп отыр, ал дипломат  өзінің такси жүргізушісін ұрып-соғуға қатыстылығын мүлде мойындамады. Осыдан соң судья Жасұлан Қабыш барлық жапа шеккендерден қайта жауап алу қажеттігі туралы шешім қабылдады. Таяқ жеген такси жүргізушісі Есқалиев алғаш болып сөз алды. Ол күдіктінің өзін соққыға жығып, көлігін сындырып қана қоймай тағы 5 мың АҚШ долларын талап еткендігін қайта айтып берді. Бүгін Нұрханов пен Қадырбаев бірден 2 бап –  «күш көрсету арқылы талап ету» және «газды суық қару мен дәрімен атылатын қаруды пайдаланған бұзақылық» бойынша айыпталып отыр. Ал қашып кеткен тағы 5-6 адам әлі іздеуде. Олар да мемлекеттік қызметшілер болуы мүмкін деген мәлімет бар.

 

 

 Кәусар Аяпбергенқызы