Әр түрлі

Тамыздың алғашқы жексенбісі – теміржолшылар күні



 

Темір жол қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне биыл 5 бірдей мерейтой қатар келген. Биыл Локоматив депосына  – 115, Петухов жол дистанциясына – 80, электр энергиясымен жабдықтау дистанциясына – 50 жыл. Сондай-ақ сумен қамту, су тарту, азаматтық нысандар дистанциясы және жол-машиналық станциясы 75 жылдығын тойлауда. Жиылғандарды өңір басшысы Серік Біләловтың атынан облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов құттықтады.

Фархад Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары:
-Темір жол –  еліміздің көлік құрылымының маңызды буыны. Аймақаралық үздіксіз байланыс олардың техника ұқыптылығына және оны тиімді пайдалануына байланысты.  

Теміржол саласында ерен еңбек етіп, оның дамуына мол үлес қосқан 5 қызметкер облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және 6-уы Алғыс хаттармен марапатталды. Солардың бірі – 40 жылдық еңбек өтілі бар Владимир Абраменко вагон-локомотив депосында жұмыс істейді.  
 
Владимир Абраменко, вагон-локомотив депосы локомотив бригадаларының машинист-инструкторы:
– Облыс әкімінен грамота алу мен үшін үлкен қуаныш. Мектеп қабырғасынан темір жол саласы туралы кітаптар оқығанмын, қатты ұнап қалды. Өзге жұмысты аңсамаймын, өзімдікіне көңілім толады.  

Кәсіби мерекемен әріптестерін Оңтүстік-Орал теміржолының Петропавл бөлімшесінің бастығы Петр Мелашенко да құттықтап, бірқатар қызметкерлерді марапаттады. Солардың бірі –  жолаушылар паркі вагондарын қадағалаушы Владимир Калашников. Ол «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төс белгісіне ие болды.

Владимир Калашников, жолаушылар паркін қадағалаушы:

-Біздің жұмысымыз адам өмірімен байланысты. Сондықтан да азаматтардың өміріне қауіп төнбес үшін темір жолда қадағалаушы болып жұмыс істейміз.

Жас жұбайлар мен 50 жыл бойы отау құрғандарға  көрсетілген құрмет мерекені әрлендіре түсті. Вилюра Александровна мен Борислав Петрович Сеховтар   жарты ғасыр темір жолда бірге қызмет еткен еңбек ардагерлері, үлгілі отбасы. Теміржолшылардың кәсіби мерекесі бұл сала өкілдерін ғана емес, олардың туған-туысқандарының да басын қосты.Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.

Айдана Демесінова