Денсаулық сақтау

Петропавлда ЭКО-орталық ашылады

 

 

 

Медицина ғылымдарының профессоры, дәрігер Шевах Фридлердің қабылдауы таң сәріден басталды. Түске дейін израильдық маманның кеңесін ондаған солтүстікқазақстандық әйелдер алып үлгерді. Шетелдік мейманның айтуынша қай елдің азаматшасы болмасын мәселелері мен шалдығатын ауру түрлері бір, ендеше дерттің алдын алу мен шипа жасаудың жолдары да бірдей болады.

Наталья Хэдват, “MVI” медицина орталығының бас директоры , Израиль:
-Профессор осындағы денсаулық сақтау басқармасы бастығының шақыруымен келіп отыр. Сапарының мақсаты – Солтүстік Қазақстан облысында  ЭКО-орталықтың ашылуына септесу. Шевах Фридлер бұл сала бойынша 30 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді. Тәжірибесі мол, осы тақырыпта тың ғылыми жобалар мен әдістемелік құралдардың авторы.  

Егер өңірімізде қолдан ұрықтандыру орталығы ашылса,  бүгінгі күні өзекті болып отырған бедеулік мәселесі шешілетін болады. Бүгінде өкінішке орай облысымызда сәби сүйе алмай жүрген отбасылар баршылық. Жаңашылдық жүкті әйелдерге қатысты да  бірқатар проблемалардың  алдын алуға жәрдем болады деп күтілуде. Шевах Фридлер Стенфард университетінде арнайы білім алыпты. Бүгінде бар біліп -түйгенін Тель-авив ЖОО-дағы акушер-гинекологтарға үйретіп, дәріс оқиды екен. Израильде жыл сайын бала көтере алмай жүрген мыңдаған адамның өмірлік арманы орындалады екен.  

Шевах Фридлер, ” Assaf Harofeh” медицина орталығының профессоры:
– Репродуктивті медицина қауіпсіз, ол жаңа өмір берудің заманауи жолы. Өзге елдер сынды Қазақстан да демографиялық ахуалды жақсартуға талпыныс білдіріп жатыр. Сондықтан мен көмек жасауға қашан да әзірмін. Облыстарыңызда білікті мамандар баршылық.
Менің бөліскен тәжірибемді іліп әкететіндеріне сенімдімін.  

Балаға зар болып жүрген жандар мейманның кеңесін алып, өмірлік армандарына қол жеткізудің мүмкіндігі туатынын естіп, көздерінде үміт оты жарқырап шықты.

Галина Қожабаева:
Облыс әкімі Израильге барған жұмыс сапарының нәтижесінде осындай әріптестік қатынас орнағанына өте қуаныштымын. Алысқа шекара аспай-ақ әлемдік деңгейдегі білікті дәрігерлердің ақыл-кеңесін алдық. Дұрыс емделудің жолдарын айтып берді.  

Израильдық делегация тамыздың 9-а дейін өз қызметтерін ұсынатын болады. Консультациялары тегін.

Жеңіс Ермұқанов