Билік

Бостандық ауылының мерейтойы

 

 

 

Елу жылда – ел жаңа. 80 жылда іргесі бекіп, керегесі кеңейген, бірлігі жарасып, ырысы тасыған   Бостандық ауылы сонау 1931 жылы кішігірім артель ретінде құрылып,  бүгінде 90-ға жуық үйі, 400-ге тарта тұрғыны, мақтан тұтарлық жетістіктері бар үлкен елді мекенге айналды. Ауыл тұрғындарының мақтанышы – орта мектеп. Елдімекенге арнайы ат басын тіреген облыс әкімі Серік Біләлов те алдымен осы білім ошағының жағдайымен танысып шықты. Орта мектеп түлектері 8 жыл қатарынан ҰБТ көрсеткіші бойынша облыста алдыңғы қатардан көрініп келеді. Олардың ізбасарлары үшін былтыр мектепте “Балбөбек” атты шағын орталық ашылыпты. Сондай-ақ елді мекеннің ұзақ тарихын тізбектеп, кейінгі ұрпаққа мирас еткен кішігірім мұражай жұмыс істейді екен. Мектеп ұжымына өңір басшысы естелік ретінде 3 кітап сыйлады. Ал көптен күткен ұлы той, ауыл мерейтойын атап өтуге жиналған жергілікті халыққа Серік Біләлов ерекше ықыласпен құттықтауын білдірді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Елдің 20 жылдығы қарсаңында облыста бірталай істер атқарылуда. Сондай игі істердің бірі бүгінгі Бостандық ауылының мерейтойы. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын.

Ауылдың 4 құрметті азаматы әкімнің Құрмет грамотасына және тағы 6 тұрғыны Алғыс хатқа ие болды. Солардың бірі – осы ауылдың өткеніне қатысты мағлұмат беретін жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтап, кейінгіге жалғап келе жатқан азамат Темірболат Нұртаев.

Темірболат Нұртаев,  Бостандық орта мектебінің мұғалімі, мұражай меңгерушісі:
-Музейіміз  елдің 20 жылдығымен, ауылдың 80 жылдығымен бірге 20-ға толды. 200-ден артық экспонаттарымыз бар. Жылда толықтырылады.  

Бостандық орта мектебі сан жыл қатарынан облыстағы үздік білім ошағы атанып келеді. Осы айтулы жетістігі үшін өңір басшысы мектеп ұжымына «Газель»  автокөлігін сыйлады.

Айгүл Сарбасова, Бостандық орта мектебінің директоры:
– Мектептің дәрежесін бағалағаны үшін облыс әкіміне мың алғыс. Ауылымыз жасай берсін.

Құттықтаулар мен жылы тілектер молынан төгілген салтанатты жиынды жергілікті өнерпаздардың концерті жалғады. Ал спортсүйер қауым ұлттық ойындардың ортасынан табылды. Бостандық пен көршілес елді мекендердің шабандоздары сайлаған сәйгүліктерін 3 және 5 шақырымдық шабыста сынады. Алғашқы айналымда “Арқалық” шаруа қожалығының “Мираж” атты тұлпары бас бәйгені еншіледі.

 Нұржан Құдайбергенов, бәйге жеңімпазы:
-Мен тұлпарыма сендім, өзім де дайындалған болатынмын. Екінші айналымда атым шаршап қалды, бірақ қарсыластарымызды алға жібермедік .

Ойын-тойда әр қазақтың делебесін қоздырар ежелгі қыз қуу ойынын да тамашалады жиналған жұрт. Сөйтіп, ат құлағында ойнап өскендер – бәйгенің,  қазақ  күресінің әуесқойлары боз кілемнің маңайынан табылды. Айтқандай,  суырып салма ақындар да жиналғандардың айызын қандырды. Мұның бәрі жиналғандарға Бостандық ауылының 80 жылда қалыптасқан берекелі тірлігін айғақтағандай болды.

Кәусар Аяпбергенқызы