Спорт

Жанкүйерлер үміті ақталмаған кездесу

 

Турнир кестесі бойынша 4-ші сатыға жайғасқан қонақтарға үздік үштікке көтерілу үшін әр ұпай ауадай қажет. Алаң иелеріне де тым болмағанда ондықтың қатарына тұрақтау керек. Бүгінге дейін 17 ойынның 6 ұтып, соншасында тізе бүгіп,  өзгелерін тең аяқтаған жергілікті аяқ доп шеберлерінің жағдайлары тым мүшкіл, әзірге тек 11-ші орынға ғана жетіп тұр. Бұны жақсы түсінетін  қарсыластар бірден өткір қарымта шабуылдарға көшті. Алайда әрекеттері қақпаны торауылдаумен ғана тынып отырды. Кездесудің 15-ші минутында болаттықтар бірінші қауіп тудырып соққы бағыттап көрді. Жауап қайтарған ақ жейделілердің әрекетінен де түк шықпай, қақпашы допты кейін қайтарып, ойыншылар үзіліске 0-0 есебімен тарасты. Келесі бөлікте де ойын өрнегі өзгермей, есеп ашатын оңтайлы сәттерді екі жақтың тас қамалдай қорғаныс шебі орта жолдан тоқтатып отырды. Теміртаулықтар шабуылды кесу үшін тіпті өрескел ереже бұзуға да жол берді. Айып соққысын орындаған алаң иелерінің добы қақпа маңдайшасына ғана дарып, кері қайтты.  Өстіп қақпа кілті табылмай, командалар ұпай бөлісіп тарасты. Ал бұл көрсеткіш жағдайларын ушықтырмаса, оңдамайтыны анық.

Юрий Чухлеба, «Қызылжар» ФК бас бапкері:
– Екі құраманың да жеңетін мүмкіндіктері тең болды. Оны ойын қорытындысы да көрсетті. Менің тәрбиеленушілерімнен сәттілік қашты ма, әлде шеберліктері шикі ме, түсіне алмай қойдым. Әйтеуір, соңғы уақытта ептерін асыра алудың жағдайы тумай отыр. Турнир кестесімен тәп-тәуір көтеріліп келе жатқан едік. Бірден кейін ығыстық. Енді бізден талап етілетіні қалған мүмкіндіктерді қалт жібермей жағдайымызды жақсартып алу.  

Сөзден іске көшудің енді бір мүмкіндігі тамыздың 21-і күні беріледі. Онда жергілікті «Қызылжар» өз алаңында Қаскелең қаласының «Сұңқар» командасын қабылдайтын болады.

 Жеңіс Ермұқанов