Денсаулық сақтау

Израиль кардиохирургтары тәжірибе алмасуда

 

Өңір басшысының шақыруымен облысымызға келген израильдік хирургтар 12 солтүстікқазақстандыққа ота жасамақ . Әрбірі 4-5 сағатқа созылатын күрделі оталарды мамандар өз тәжірибелеріне сүйене отырып, жаңа тәсілдермен жасап жатыр. Көп ұзамай оны кардиологиялық орталық хирургтары да меңгеретін болады.

 Амир Кремер, «Ихилов» ауруханасы жанындағы Тель-Авивтік «Imedical» медициналық орталығының кардиохирургы:
– Оталарды жергілікті дәрігерлермен бірлесіп жасадық. Байқағаным, мұндағы медбике, анастезиолог, хирургтың әрбірі өте білікті. 2 жылда осындай жоғары деңгейге жеткенін ескерсек, алдағы 2 жылда бұл орталық елдегі алдыңғы қатарлы кардиоорталыққа айналарына күмәнім жоқ. Жақында олар өздері жүрекке ең күрделі оталарды жасай алатын болады.

Орталық қызметін  жоғары бағалаған израильдік дәрігерлер екіжақты тиімді әріптестік орнатуға көп мән беретіні анық. Жоспарланған 12 отаның күн сайын үшеуін жасап жүрген олар үзіліс кезінде жүрек ақауы бар басқа науқастарды да тексереді. Айтқандай, алдағы байланыс бірден бірнеше бағытта орнатылмақ.

Наталья Хедват, «MVI» медициналық орталығының бас директоры:
– Әлемдік деңгейдегі аса білікті профессордың келуін күтіп отырмыз. Ол осы облыста келешекте ашу көзделген экстракорпоралды ұрықтандыру орталығы жайында жергілікті мамандармен әңгімелесіп, жоспарларымен бөліспекші. Біз әр келген сайын медицинаның басқа саласының дәрігерлерін әкеліп, тәжірибемізбен бөлісіп отырамыз .

Ойдағы бар жоспарлар іске асатын болса СҚО-дағы медицина жоғары деңгейге көтеріледі. Әзірше  бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып жатыр.

Анатолий Ко, СҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы:
-Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі басым бағыттар ұсынуда. Облыс әкімінің жетекшілігімен өңірде кардиохирургия, туберкулез, АҚТҚ, ана мен бала өлімі мәселелеріне көп көңіл бөлудеміз. Сондай-ақ офтальмология, гинекология салалары да басты назарда. Облысқа келетін акушер-гинеколог маманмен үлкен істің негізін қаламақпыз.

 Кәусар Аяпбергенқызы