Әр түрлі

Қаржы бақылау инспекциясы жартыжылдықты қорытындылады

 

Үстіміздегі жылы қаржы инспекторлары жүргізген тексеріс саны айтарлықтай қысқарған. Ал анықталған заңбұзушылық керісінше арта түсіпті. Бірінші жартыжылдықта мамандар 126 нысанды тексерген. Нәтижесінде 3 млрд. 245 млн. теңгенің заңбұзушылығы анықталыпты. Айту керек, өткен жылы бұл сома 1 млрд теңгеден ғана асқан. Қаржылық заңбұзушылықтардың үлесі 80 пайыз, мемлекеттік сатып алу қорытындысына әсер еткен заңбұзушылықтар – 16 пайыз, ал қаржылық есеп құру кезінде орын алған кемшілік  4 пайызды құраған.

Зәуреш Қапарова, СҚО бойынша қаржы бақылау инспекциясы бастығының орынбасары:
– Бюджеттік қаржыны орынсыз жұмсауға қатысты заңбұзушылық – 2 млрд теңге, қаржылық есеп құру тәртібін бұзу – 114 млн. теңге, бюджет кірісіне қатысты – 9 млн, бюджеттік қаржыны мақсатсыз пайдалану заңбұзушылығы – 1 млн. теңгені құраған.

Тәртіптік жазаға биыл алты ай ішінде 154 лауазымды тұлға тартылыпты. Оның ішінде он төрті тексеріске ұшыраған мекемелердің бірінші жетекшілері. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде тәртіптік жазаға екі адам ғана тартылды дейді мамандар. Сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін 3 млн. теңгеден артық айыппұл салыныпты. Оның 44,5 пайызы бюджетке өндіріліп алынған.

Зәуреш Қапарова, СҚО бойынша қаржы бақылау инспекциясы бастығының орынбасары:
-Есепті кезеңде құқық қорғау органдарына жалпы сомасы 397,3 млн теңгені құрайтын 15 материал жөнелтілді. Заңбұзушылықтарды жою үшін 71 ұсыныс жібердік. Оның 82 пайызы орындалды. Сондай-ақ бірінші жартыжылдықта сотқа 20 арыз түсірдік. Оның он бесін сот қанағаттандырды.

Қаржы инспекторлары аудан бюджеттерінің орындалуын да қадағалайды. Үстіміздегі жылдың алты айында Мағжан Жұмабаев, Қызылжар және Мамлют аудандарындағы ұйымдарды тексеріпті. Ең көп олқылықты мамандар Мағжан Жұмабаев ауданында тапқан. Анықталған заңбұзушылықтар 498 млн. теңгені құрайды.

 Айымгүл Әбілева