Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда Қазақстан-Израиль медицина орталығы ашылады

 

 

 

Израильдық мамандар облысымызда қазақстан-израиль медицина орталығын ашуға байланысты облыс әкімі Серік Біләловтың шақыртуымен келген. Бұл салада жергілікті мамандарға шетелдік қонақтардың мол тәжірибесі аса қажет болары анық.

Наталья Хедват, «MVI» медицина орталығының бас директоры:
– Бұл кездесуде жергілікті дәрігерлермен тәжірибе бөліспекпіз. Ол неғұрлым көп науқастарды емдеуге қажет болады деген ойдамын. Бірер күннен кейін мұнда әлемдегі ең үздік профессорлардың бірі келіп, ұрықтандыру мәселесі бойынша тәжірибе алмасады. Бұл да орталық құру үшін аса маңызды мәселелердің бірі.

Алдымен Израильден келген делегация өңір жетекшісімен бірге кардиологиялық орталыққа ат басын бұрды. Мамандар мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысты. Функционалды және сәулелі диагностика бөлімшесінде «Ихилов» ауруханасы жанындағы Тель-Авивтің  «Imedical» медицина орталығының маманы Амир Кремер ота жасау жайын сұрастырды. Израильдық мамандар жан сақтау бөлімшесіндегі жағдаймен де танысты. Делегация өкілдері мұндағы құрылғылардың жұмысын бақылап, орталықта науқастарға жақсы жағдайлар жасалғандығына көз жеткізді.
Солтүстікқазақстандық кардиологиялық орталықтың жұмысына израильдық мамандар оң баға берді.

Наталья Хедват, «MVI» медицина орталығының бас директоры:
– Орталықтағы кардиохирургия бөлімшесі қажетті құрал-жабдықпен толықтай қамтылған, елдегі ең озық бөлімшелердің бірі десе де болады. Бұл біздің жұмысымызға сеп болып отыр. Қосымша қажетті құрал-жабдықты өзімізбен алып келдік.

Амир Кремер, «Ихилов» ауруханасы жанындағы Тель-Авивтің  «Imedical» медицина орталығының кардиохирургы:
Мен күретамырға жаңа технологиялар бойынша жасалатын отаны көрсетемін. Кейін жергілікті дәрігерлер бұл отаны өздері жасамақ. Олар бұдан да күрделілерін жасай алады деп ойлаймын.

Израильдық маман Амир Кремер кардиологиялық орталық базасында күре тамырға алғашқы отаны жасап үлгеріпті. Шетелдік қонақтар былтыр ғана   тапсырылған 3-ші қалалық емхананы да аралады. Мұндағы ультрадыбыс диагностикасы, рентгендік тексеру және эндоскопиялық бөлмелер заманауи талаптарға сай жабдықталған. Наталья Хедват мұндай жағдайда дәрігерлердің күніне қанша науқас қабылдайтынын білді. Емхананың бас дәрігері Әлия Тәшетованың айтуынша, бұл жерде күніне 700-ден астам тұрғын қабылданатын көрінеді. Емханада ересектермен қатар балалар бөлімі де жұмыс істейді. Сапар соңында облыс әкімі мен израильдық қонақтар облыстық қан орталығының жұмысымен танысты.
Делегация өкілдеріне донор қанының сақталып, тексерістен өткізілу кезеңдері, донорлық зал көрсетілді. Шет елдік дәрігерлер солтүстік өңірде тамыздың 9-на дейін болмақ.

 Инеш Шоқақова