Құқық қорғау органдары

Автомобиль тонаушы қолға түсті

 

 

Полицияға автокөліктерінен антирадарлар ұрланғанын айтып бірнеше жүргізуші арызданған болатын. Жедел іздестіру шараларының барысында тәртіп сақшыларының құрығына бұрын ұрлық үшін сотталған, жұмыссыз 26 жасар петропавлдық түсті. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті түнгі сағат 3-пен   5 аралығында бірнеше көлікті тонап отырған. Бір автомобильге епті ұры санаулы минуттар ғана жұмсайтын көрінеді. Өзінің айтуынша, сезікті ұрлаған заттарын арзан бағамен кездейсоқ адамдарға сатып жүрген.

Амангелді Тоғаев, Петропавл қалалық ІІБ КПБ бөлімше бастығы:
-Күдікті тек қана антирадарларды ұрлаған, ал олжалаған заттарын такси жүргізушілеріне сатып отырыпты. Қазіргі кезде сезікті осындай он қылмысын мойындап отыр. 

Баукеспенің тонағаны негізінен үй аулаларында қараусыз қалған және дабылқаққыш орнатылмаған темір тұлпарлар. Қазірде осы факті бойынша қылмыстық істер қозғалып, күдікті қамауға алынды. Полицейлер оның басқа қылмыстарға қатыстығын тексеріп жатыр.

Кәусар Аяпбергенқызы