Ауыл шаруашылығы

Аграрийлерді қолдау бағдарламасы

 

 

 

 

Тың бағдарлама өсімдік шаруашылығына жасалатын мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктерін қарастырады. Ендігі ретте бір гектар жерге қарастырылған субсидия басқа бағытқа жұмсалатын болады. Сөйтіп, егіс жұмыстары мен егінді жинап алу үшін қолжетімді несие мәселесі шешілмек. Біздің облыста төрт мыңға жуық агроқұрылым бар. Оның жетпіс пайызы ұсақ шаруашылықтар. Көп ретте мұндай шаруашылықтардың жетекшілері кепілдік мәселесіне байланысты несие ала алмайды.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің орынбасары:
– Бүгінде дәстүрлі әдіс бойынша бір гектар жерге субсидия беріледі. Енді мемлекеттік қолдаудың бұл формасын өзгерту көзделіп отыр. Жаңа тұжырымдама бойынша қаражат әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға жарғылық капиталын өсіруге бағытталады. Сөйтіп, корпорация екінші деңгейлі банк орнына агроқұрылым жетекшілеріне кепіл болады. Сіздер жер, ауыл шаруашылығы техникасын кепілге қоя аласыздар. Осылайша несиені қолжетімді ете түсу мәселесі шешіледі.

Сондай-ақ жаңа тұжырымдама ескірген ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуды межелейді. Егіс алқаптарындағы жұмыс барынша тиімді жүру үшін 8-10 жыл сайын жаңа техника алу керек дейді мамандар. Ал бүгінде облыстағы кешендердің пайдаланылу мерзімі – 13-14 жыл. Сондықтан мемлекеттік қолдауды көпшілік қажет етеді. Өз кезегінде мемлекет техника паркін жаңарту үшін тиімді жол ұсынып отыр.

Сақташ Хасенов, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:
-Бұрын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 4,8,12 пайыздық мөлшерлемемен лизинг алатын. Ендігі ретте техника алу үшін несие 4 пайыздық жеңілдікпен беріледі. Әрі он жылдан астам уақытқа ресімдеуге мүмкіндік бар.

Тағы бір маңызды жайт – мемлекеттік қолдаудың жаңа саясаты өнім бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуді көздейді. Яғни, мемлекет астықты сатып алуға кепілдік береді. «Азық – түлік келісімшарт корпорациясы сатып алатын бидай 10 млн. тоннаға дейін жетпек. Айту керек, аталмыш механизм нарық қажет еткен жағдайда ғана іске қосылатын болады.  Бүгінгі күні жаңа тұжырымдама жетілдіріліп жатыр. Бұл орайда ауыл шаруашылығы вице-министрі солтүстікқазақстандықтардың ұсыныстарын тыңдады. Агроқұрылым жетекшілерін бұрынғы жылдары алынған несиелерді қайта қаржыландыру мүмкіндігі қызықтырды. Сақташ Хасенов бұл мәселенің міндетті түрде қаралатынын жеткізді.

Айымгүл Әбілева