Ауыл шаруашылығы

Саудаға түсетін малды арнайы қасапханаларда сою жұмысы бір ізге түсіп келеді

«Казмясопродукт» жауапкершілігі шектеуді серіктестігі осыдан алты жыл бұрын ет өндеу, шұжық өнімдерін шығаруды қолға алған. Алдымен мал сою цехы іске қосылды. Бүгінде серіктестікке малдың дені «Зенченко и К» командиттік серіктестігінен келеді.

 

Ғалым Сыздықов, Петропавл қалалық аумақтық инспекциясының бас санитарлық-ветеринарлық инспекторы:

-Мал әкелінген көлік арнайы қақпадан кіреді. Дизентериялық ерітінді құйылған жерден өтеді.Клиникалық тексеріс жасаймыз.

Тексерілген мал бір тәуліктей жаппада ұсталады. Соңғы тексерістен соң сою цехында жұмыс қызып жүре береді. Цехтағы қондырғының барлығы малды таза, әрі тез союға ыңғайландырылған.

Шамиль Шакиров, «Казмясопродукт» ЖШС директорының орынбасары:

– Сою цехында заманауи қондырғы орнатылған. Күніне 50-60 бас қара мал, 100 шошқадай соямыз. Цех қала тұрғындарына да қызмет көрсетеді.

Ондаған қасапшы бірнеше малды әп-сәтте жәукемдеп тастайды. Ал бұл уақытта санитарлық сарапшылар өз жұмыстарына кіріседі. Тоңазытқышта да жаңа сойылған ет аз ғана аялдайды. Өңдеу цехында шұжық пен ет өнімдерінің сан түрі әзірленіп жатады. Күтімі жақсы малдың етінен әзірленген өнім де бәсеке көтерерлік. Облыста осындай қасапханасы бар төрт ірі ет өңдеуші серіктестік бар. Ветеринарлық инспекторлар жүргізген тексерістердің барлығында еш заң бұзушылық тіркелмеген.

 Әсем Рахметова