Әр түрлі

Облыстық ардагерлер кеңесінің пленарлық отырысы

Қартын қастерлеген ел жылдан жылға аға буын өкілдеріне деген қолдауды арттырып келеді. Еліміздегі зейнетақы көлемі жыл сайын өсіріліп жатыр. Қарттар медициналық көмекпен қамтамасыз етіліп, сексеннің сеңгіріне жеткендерге қоғамдық көлікте жүру тегін. Мерекелік шараларда атаулы көмектер де жасалып жатады. Коммуналдық төлемдер жинауда қарттардың жағдайы ескеріледі.

Ескендір Елеусізов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

 

-Облыста әлеуметтік қолдау ретінде қала, аудандар бюджетіне арнайы қаржы қарастырылған. Ай сайын зейнетақысы жетіңкіремейтін зейнеткерлерге 4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде материалдық көмек жасалады. 137 адам тіс протездерін тегін салды. 151 ардагер санаторлық-курорттық емделуге барып қайтты. 2000-нан аса ардагер әлеуметтік такси көмегін пайдаланған.

Дегенмен қарттардың шешілмеген мәселелері жетерлік. Соғыс ардагерлерінің барлығы бірдей пәтер, не үймен қамтамасыз етілген жоқ.

Ескендір Елеусізов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Барлық ардагерлерді бірдей тұрғын үймен қамтамасыз ету, жөндеу жасап беру толық шешілмей жатыр. Ардагерлерді Астанаға экскурсияға апармаған бірқатар аудандар бар. «Жеңіс жауынгерлері» кітабын шығаруда да белсенділік таныту керек.

Осыдан үш ай бұрын өткен еліміздің ардагерлер ұйымының 6 съезінде аға буын өкілдеріне жасалып жатқан қолдаумен қатар шешілмеген мәселелер де талқыланған. Солтүстікқазақстандық ардагерлер осы съезде көтерілген түйткілді мәселелерге қосылып отыр. Ардагерлер үйін салу мәселесі әлі қолға алынған жоқ. Соғыс балалары, тыл еңбеккерлеріне жеңілдіктер қарастыру мәселелерін шешу керек.
Пленарлық отырыста Аққайың аудандық ардагерлер кеңесі атқарған жұмыстар да тыңдалды. 2600-ден аса ардагерлер мен мүгедек ардагерлер тұрып жатқан ауданда аға буынға қолдау шаралары жүйелі түрде атқарылып жатыр.

Владимир Саласюк, Аққайың аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

-Ардагерлердің мәселелерін ауылдық округтер мен аудан әкімдерінің көмегімен шешеміз. Кәсіпкерлердің қолдауы жақсы. Жем-шөппен, отын, көмірмен қамтамасыз ету мәселелері бірлесе атқарылады. «20 игі іс» акциясы барысында аудан әкімі 16 ардагерге материалдық көмек көрсетті.

90-шы жылдары облыстағы бірқатар кәсіпорындардағы ардагерлер ұйымдары тарап кеткен. Бүгінде осы ұйымдарды қайта жинау, жұмысын жандандыру міндеті де тұр.

Әсем Рахметова