Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облысқа асыл тұқымды ірі қара малдың кезекті партиясы жеткізілді

 

 

 

Асқар Мәдиевтің шаруашылығына асыл тұқымды сиырлардың алғашқы партиясы кеше ғана тікелей Германиядан жеткізіліпті. 203 бас жоғары өнімді ірі қара екі аптаның ішінде мыңдаған шақырымды артта тастап, шекара асқан. Екінші лектегі 197 симментал тұқымдас зеңгі баба төлдері келесі күннің кешінде жететін болады. Серіктестік бұндай мүмкіндікке мал шаруашылығын дамыту мемлекеттік бағдарламасының арқасында қол жеткізген. Бұл мақсатта “Петерфельд Агро” ЖШС  277 млн. тенгенің несиесін алыпты.

Асқар Мәдиев,  “Петерфельд Агро” ЖШС бас директоры , Қызылжар ауданы:
– Мемлекет тарапынан жақсы қолдау көріп отырмыз, сондықтан алдағы уақытта асыл тұқымды мал өсірумен айналысуды жоспарлап отырмыз. “Солтүстік” әлеуметтік -кәсіпкерлік корпорациясы жылдық төрт пайыздық үстеме ақымен 5 жылға қаржыландырды.
Бұл біз үшін өте тиімді. Бұған дейін 400 бас жылқы, 180 бас қазақтың ақ бас сиырлары мен 1000 қой ұстадық. Енді міне шетелдік асыл тұқымдысын алып отырмыз.

Солтүстіктің ауа райына бейімделгенше шетелдік мал арнайы қамауда күтіліп-бағылады. Бұндай ірі қара малдың салмағы 500-ден 900 келіге дейін жетеді екен. Алғашқы партия алдағы күз айларында төл береді деп күтілуде. Еттілігімен қатар жылына бір сиырдан 7-8 мың литр сүт сауылатын көрінеді. Тәулігіне торпақтар 750 грамға дейін салмақ қосады екен. Ал ол үшін арнайы жем-шөп базасы мен ерекше күтім керек.

Любовь Акст, “Петерфельд Агро” ЖШС ферма меңгерушісі , Қызылжар ауданы:
– Бұзаулардың өзі туғанда 70 келіге дейін барады. Анасының сүтін ұзақ уақыт емгендіктен жылдам өсіп-жетіліп , салмақ қосады.
Германияда симменталдарды жайылымға шығармайды. Қораларда сүрлем шөппен азықтандырады. Бізде ондай мал азығы жоқ. Дегенмен бұл төлдер шыдамды, біздің қатал табиғатқа тез бейімделіп кетеді деген ойдамыз.  

1 айдың ішінде ветеринарлық қараудан өткен соң төлдер жайылымға шығарылады. Облыс әкімі Серік Біләлов жуық арада өңірімізде репродукторлық фермалар пайда болатынын айтады. Оның бірі “Петерфельд Агро” ЖШС-де іске қосылмақ.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Жалпы облысымызда асыл тұқымды малды шағылыстыратын 2 репродукторлық ферма іске қосылады. Мал басын арттыруда оның себі зор болмақ. Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының келешегі бар. Үкімет те қаржылай көмек жасап тұрады. Ол үшін бюджеттен қажетінше ақша қарастырылған.

Шетелден Қазақстанға өнімі жоғары ірі қара малды жеткізумен германиялық “АГРОТЕХ ИМПЕКС ГмбХ” компаниясы айналысады. Жыл соңына дейін тағы мыңнан аса асыл тұқымды сиырларды сатып алуға екі жақты келісімге қол қойылыпты.

Юрий Бабинцев, “АГРОТЕХ ИМПЕКС ГмбХ” компаниясының аймақтық менеджері:
-Қыркүйек айында тағы 400 бас келеді. Кейін үшінші партиямен барлығы үстіміздегі жыл соңына дейін 1200 асыл тұқымды сиыр жеткізілмек. Бұл екі жаққа да өте тиімді болмақ. Келісімге тікелей шаруашылық жетекшілерімен тұрдық.

Осыған орай шаруашылықта мал қыстап шығатын қоралардың құрылысы қыза түскен. Жуық арада мал азығын сақтайтын қойма да бой көтермек. Бірер күнде асыл тұқымды төлдер кешенінде тас жол төселіп болады дейді серіктестік жетекшісі. Болашақта сүт фермасын салу да көзделген.

Жеңіс Ермұқанов