Қоғам

Мәжіліс депутаттары прокурорлармен кездесті

 

 Солтүстік Қазақстан облысындағы әлеуметтік, құқықтық жағдаймен 3 күндік іссапар барысында депутаттар толықтай танысып үлгердік дейді. Ендігі кезекте, мәжілісмендер өзекті проблемаларға тереңірек үңілуді көздеген. Парламенттің төменгі палатасының өкілдерінен прокурорлар Қазақстанның экстремизм мен терроризм сияқты әлемдік індетке қаншалықты дайын екендігін сұрастырды.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қазақстан көпұлттылығын былай қойғанда, көп дінді қолдайтын ел. Діни ағымдар да аз емес. Сондықтан мемлекет олардың экстремизмді уағыздамауын бақылап, үнемі назарда ұстап отыруы тиіс. Бұл қазірде елдің саясатына айналып кеткен іс. Сонымен қатар, дін жөніндегі агенттік құрылғанын білесіздер.
Олар тура осы іспен айналысады.

Гидротехникалық құрылғылардың қауіпсіздігі жөнінде құқықтық-нормативтік акт жасау мәселесі прокурорлар алға тарқан екінші маңызды мәселе болды. Оның көкейтестілігі сол, облыстағы көпір, бөгет түріндегі су құрылғыларын бақылау ешбір мемлекеттік органға жүктелмеген. Ал сондай 3 нысан бүгінде ауылдық жерлердегі тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп тұрған көрінеді.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бұл өте өткір сұрақ, оны Үкіметке жолдау қажеттігі туып тұрған сыңайлы. Біз бұл мәселені ел көлемінде қарастыруымыз қажет. Басқа өңірлерде жыл сайын болып жатқан су тасқындары оған түрткі бола алады.

Келесі жиында депутаттар шекарашылармен кездесуді көздеп отыр. Ал іссапар соңында меймандар жергілікті құқық қорғау органдарымен өткен кездесулерді қорытындыламақ.

 Кәусар Аяпбергенқызы