Әр түрлі

Лениннің орнына Врунгель тұрады

Бірер аптадан соң облыс орталығында тағы бір саябақ ашылады. Ал оның қақ ортасында орналасқан капитан Врунгель мен көмекшісінің мүсіні демалыс орнының ерекше сәніне айналмақ.

Марина Байсалбаева, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы:
– Қала құрылысы кеңесіне мүсінші Константин Чайкадан саябақтардың бірінде капитан Врунгельдің композияциясын орналастыру жайлы ұсыныс  түсті. Мүсін құрылып жатқан аквапарк тақырыбына сай келетіндіктен ұсыныс бірден қолдау тапты.  

Саябақта орналасқан мультфильм кейіпкерінің мүсіні өз орнын дәл тапқандай. Оны әрлеу жұмыстары жақын арада аяқталмақ.  

Константин Чайка, мүсінші:
–   Ақырындап жүзеге асырып жатырмыз. Тамыздың бесі күні барлық жұмысты аяқтаймыз деп ойлаймын.

Ал бұған дейін осы жерде жайғасқан Владимир Лениннің мүсіні уақытша «Коммунхоз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында сақталмақ. Оның қаламыздың қай жерінен орын алатыны тұрғындармен бірлесе шешілетін болады. Сондықтан қалалық әкімдікте қазірден бастап петропавлдықтардан ұсыныстар күтілуде.

Инеш Шоқақова