Құқық қорғау органдары

Ұрлық жиіледі

 

 

Тәртіп сақшылары жаз шыққалы пәтерлердегі ұрлық фактілері екі есе артқанын айтады. Баукеспелер әсіресе баспана иелері жұмыста жүрген уақытта бөтеннің мүлкіне қол сұғады екен. Демалыс маусымын да барынша пайдаланып қалуда. Екі жұма демалып оралған Анатолий осындай келеңсіздікке тап болған. Оның жоғында белгісіз біреулер пәтерін тонап кетіпті.

– Алғашында ештеңе байқалмады. Кілтті бұраған кезде есік бірден ашыла кеткенде ғана күдік туды. Кетерімде екі рет бұрап жапқан болатынмын. Келесі есіктің құлпы бұзылған. 

Жапа шегуші алтын әшекей бұйымдарының орнында жоқтығын байқап бірден полицейлерге хабарлаған. Алайда, айыптылар ізін суытып үлгеріпті. Қазір сезіктілерді құрықтау үшін кешенді шаралар жүргізілуде.

 Данияр Қасымов, СҚО ІІД КПБ бөлім бастығы:
-Пәтердегі мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен дабылқаққыш орнату керек. Күрделі құлыптар мен темір есіктер қымбат болғанымен осындай келеңсіздіктерден сақтайды. Үнемдейміз деп одан да бетер шығынға ұшыраған фактілер жетерлік.  

Ал тағы бір қалалықтың гаражынан электр бұрғы, болгарка мен дәнекерлеу құрылғылары қолды болыпты.

 -Құлыпты келетін кілттің көмегімен ашқан. Өйткені есік бұзылмаған. Мені таң қалдырғаны  тал түсте заттарымды олжалап кетті. Күндіз осы арадан халық ағылады да тұрады. Ешкім байқамаған. Кілтпен ашқасын кім көңіл аударады. 

Осы тектес фактілерді анықтаған сәтте бірден 102 нөміріне хабарлаған абзал. Қылмыскерлерді ізін суытпай ұстауда әр минут алтынмен тең дейді полицйелер.

Жеңіс Ермұқанов