Қоғам

Азаматтық форумға әзірлік

 

 

 

5-ші облыстық азаматтық форум қыркүйектің 7-сіне жоспарланған. Оның қарсаңында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қоғамдық мәселелердің күрмеуін босату жолдарынан қарастырмақшы.

Әсемгүл Есқожа, «Азаматтық бастамаларды дамыту» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
– Сол форумға дайындық қарсаңында біз осындай шаралар өткізіп жатырмыз. Бүгін адамдардың құқық қорғау мәселесі бойынша жиналып отырмыз. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп меморандумға қол қояды.

Бүгінде өңірімізде үшінші сектордың 50 шақты ұйымы бар екен. Алайда олардың үштен бірі ғана мемлекеттік органдармен тиімді әріптестік қарым-қатынас орнатыпты. Өзгелері әзірге бірлескен жобаларға қол қоюға ынта танытпай отыр. Жұмыла көтерген жүк жеңіл деген тәртіп сақшылары үкіметтік емес ұйымдар өкілдері ұсынған көмектен бас тартқан емес.

Руслан Тоғаев, СҚО ІІД бөлім бастығы:
– ІІД үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста. Мысалы әйелдерді қолдау орталығымен бірге әйелдерге психологиялық қызмет көрсетіледі. Және студентер альянсымен бірлескен жоспарымыз бар. Осы жоспар бойынша студенттер полиция қызметкерлерімен бірге қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті қадағалайды.

Үкіметтік емес ұйым өкілдерінің ойлары да осы төңіректе тоғысып отыр. Ортақ мәселелерді шешуде бір ананың балаларындай келісе отырып белсене әрекет ету жарқын болашаққа жетелейді дейді олар.

Евгений Голендухин,  “Жаңа ақпараттық жүйелер аймақтық орталығы” ҚБ төрағасы:
– Біз темір тордың ар жағындағы жасөспірімдерге тренингтер ұйымдастырамыз. Ондағы мақсат жазаларын өтеп шыққасын қоғамда жоғалып қалмай, абақтыға қайтып келмеудің жолдарын іздеу. Жұмыс, оқу мәселелері де кеңінен талқыланады. Бұл сотталғандар мен қоғам үшін өте маңызды шаруа.

Сергей Белов,  “Ресурстық орталық” ҚБ жетекшісі:
– Бірлескен жұмыс жастардың өзекті деген мәселелерін шешуге үлкен көмек болады. Біздің болашағымыз өзіміздің қолымызда. Десе де жастайынан өмірлік жол көрсетуге тырысамыз. Кеңесіміз керек болып жатса жақсы емес пе.

Осы тектес жиындарда қордаланып қалған мәселелер көтеріліп, өзекті дегендері облыстық азаматтық форумға шығарылатын болады. Ал қазанның 5-6 күндері шешімін таппаған мәселелер Астана қаласында өтетін республикалық форумда қаралады.

Жеңіс Ермұқанов