Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қасапханаларда ет сапасы бақылауға алынған

 Аққайың ауданы Тоқшын ауылындағы қасапхананың ашылғанына он жыл. Мұнда осы маңдағы елді мекендер мен көршілес Қызылжар, М.Жұмабаев аудандарының малы жеткізелетін көрінеді. Бұрынғыдай емес, әр малдың құжаты бар. Соңғы ветеринарлық тексерістер де осы жерде өткізіледі.

Татьяна Дементьева, Тоқшын селолық округінің бас маман-ветеринары:

 

 

-Малды әкелген соң тексереміз. Сойылғаннан кейін ет пен ішкі органдар қаралып, анықтама қағаз беріледі. Бұл құжат ауылдық округ аумағына ғана жүреді. Оның негізінде мемлекеттік ветеринарлық инспектор сертификат береді.

Малды бірнеше тәулік ұстайтын қора даяр. Көк барда қасапқа шалынатын мал аз. Сондықтан жазда жұмыс саябырсиды. Мал жинағыш көлік те ауылдарға азырақ қатынайды. Дегенмен соңғы жылдары малын қасапханада соятындар қатары артқан. Малын пұл ететіндердің барлығы осы жердің көмегіне жүгінеді.

Игорь Калмыков, «Калмыков» ЖК директоры:

  -Малын тапсыратындар, соятындар бізге хабарласады. Біз өз көлігімізбен барып, малды алып кетеміз. Мал өте таза сойылады. Келіп өлшетеді, ақшасын төлейді. Сондай-ақ қалдықтарды көметін арнайы орын бар.  

Қасапхананың тоңызытқышында 8-9 тонна етті сақтауға болады. Мөрі басылып, құжаттары реттелген ет аудан, облыс орталығындағы базарлардың сөресіне еш кедергісіз түседі.

Владимир Корабельников, СҚО аумақтық инспекциясының бас мемлекеттік санитары:

-Облыста соңғы жылдары 130 қасапхана ашылып, кейбірі жөнделген. 700-ден аса елді мекенге бұл жетеді. Қасапханаларда 40 мыңнан аса мал сойылады.  

Жыл басынан бері аумақтық инспекторлар облыс орталығындағы базарлар мен ет өңдеу орындарына жасаған тексерістер барысында 44 заң бұзушылықты анықтапты. Саудаға, өндіріске құжатсыз ет салған кәсіпкерлерге 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Әсем Рахметова