Қылмыс

Жол-көлік апатында ресейлік отбасы қаза тапты

Новосібір қаласының 5 тұрғыны Рудный қаласындағы туыстарынан шығып, үйіне келе жатқан. Таңғы сағат 5-тің шамасында Шал ақын ауданындағы Белоградовка селосынан 12 шақырым жерде «Ниссан-Эрнесто» автомашинасының жүргізушісі рөлге ие бола алмай көлік аударылған.

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД Жол полициясы басқармасының инспекторы:

 

 

-Полицейлердің алдын-ала болжамдары бойынша, жүргізушінің рульді басқара алмағандығынан, көлік жол жиегіне шығып кетіп, аударылған. Жүргізуші қалғып кеткен немесе алаңдаулы болғанға ұқсайды. Апат орнын тексеру барысында жолаушылардың қауіпсіздік белдігін тақпағандығы белгілі болды. Машина аударылғанда олар терезелерден сыртқа ұшып кеткен.

Осының салдарынан 36 жастағы ерлі-зайыптылар және олардың 13 жастағы баласы оқиға орнында көз жұмды. Қалған екеуі Ғ.Мүсірепов ауданының орталық ауруханасына жеткізілген. Ауыр жарақат алған 8 жасар қыз бала қайтыс болды. Ал 22 жастағы азаматқа ота жасалды, дегенмен оның өмірі әлі де қыл үстінде тұр. Жол-көлік оқиғасы бойынша бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды.

Айдана Демесінова