Билік

Петропавлға Мәжіліс депутаттары келді

 

 

Қаржы полициясы қызметкерлерімен кездесуге келген Мәжіліс депутаттары Нұрлан Әбдіров пен Виктор Рогалев  Парламенттің төменгі палатасының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік бойынша комитетінің мүшелері. Сондықтан департаменттегі әңгіме де қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы мәселелерді талқылау турасында өрбіді. Бұл бағытта облыстағы экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті бірқатар істің басын қайырған.

Жанат Ешмағамбетов, СҚО сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыспен күрес департаментінің бастығы:

-Біздің департаментіміз облыстағы «Нұр Отан» ХДП филиалымен байланыста жұмыс істейді. Жемқорлыққа қарсы түрлі семинарлар, акциялар, дөңгелек үстелдер өткіземіз. Жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес құрдық. Өзге құзырлы органдармен байланыс орнатқанбыз. Дегенмен қызметкерлеріміз біздің жұмысымызда кей заң базаларына қатысты кемшіліктерге жиі кезігеді.  

Сан-салалы заңдарда кемшін тұстар жетерлік. Оны мәжіліс депутаттарының өздері де мойындап отыр. Жұмыс сапары барысында халықпен ой бөлісіп, сол заңдармен тікелей жұмыс істейтін тұлғалар пікірін білу жоспарға енгізіліп отыр. Қаржы полициясы қызметкерлері қылмыстық істер бойынша көрші елдердегі куәгерлерді , не жәбірленушілерді шақыру мемлекеттік деңгейде шешілетіндіктен ұзақ уақытты қажет ететіндігін айтады. Тексеріс үшін кәсіпкерлерден бухгалтерлік есептіктерді талап ету де кей заңдарға қайшы. Бұл мәселелер алдағы заңнамаларды қарастыру кезінде назарға алынуы керек.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Қылмыстық- процессуалдық кодексті жаңартатын кез келді. Бүгінгі кодекстің бюрократияландырылған тұстары мол.Сондықтан бірқатар процедураларды жеңілдету туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Жақында кодекс өзгеріп қалуы да мүмкін.

Ал қаржы полицейлері іс жүргізу кезінде кезігіп жатқан бұндай түйткілді мәселелерді Парламенттің қос палатасы қайта іске кіріскенде жарыққа алып шығатын болды.

Әсем Рахметова