Энергетика

Энергетиктер ардагерге құрмет көрсетті

 

Бүгін Михайловтардың үйі қонақтарға толы. Сексен беске толған мерейтой иесін құттықтауға №2 жылу- электр орталығында көп жылдар бірге еңбек еткен әріптестері келген. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Павел Михайловты Монғолияға, кейін Манчжурияға жіберген. Ол жапондарға қарсы ұрыстарға қатысыпты. 5 ай Порт-Артур қаласында әскери міндетін өтеп, 1950 жылы туған елге оралған. Бірден №1 жылу- электр орталығына барып, электрик мамандығының қыр-сырын меңгереді. Соғыс ардагері №2 Петропавл жылу- электр орталығының құрылысына белсенді қатысқандардың бірі.

Павел Михайлов, ҰОС ардагері:
Барлық жұмысты істейтінбіз. Әрине, қиын болды. Жер қазып, бағаналар орнаттық. Қосалқы станциялар қойып, электр желілерін тартуға да белсенді атсалыстық. Дамыл таппай еңбек еттік қой.

Бүгінде №2 жылу- электр орталығы тұрақты түрде дамып келе жатқан кәсіпорын. Бұл орайда ардагер Павел Михайловтың да сіңірген еңбегі зор дейді бұрынғы әріптестері. Сондықтан мерейтой иесін құттықтауға жыл сайын келеді. Тек туған күнімен ғана құттықтап қоймайды. Айталық, тоғызыншы мамыр мейрамында әрқашан зейнеткерге қолдан келгенше көмек көрсетеді.

Павел Михайлов, ҰОС ардагері:
Мені жыл сайын құттықтайды. Сыйлықтарын ала келеді. Ешқашан ұмыт қалдырмайды. Әрине, мұндай ықыласқа қуанып қаламын. Алғысым шексіз.

Павел Павловичтің жылу- электр орталығының цехтарында болмағанына көп жыл. Ол құрметті демалысқа 1994 жылы шыққан. Ардагер осы күні кәсіпорында жемісті еңбек еткен жылдарын ерекше жылылықпен еске алады.

Виктор Бармин,  «СевКазЭнерго» АҚ  №2 ЖЭО директоры:
Павел Павлович қазандықтар цехында еңбек етті. Үздіксіз жұмыс қой, сондықтан бұл цехтағылар күні-түні жұмыс басында болатын. Ол қажырлы еңбегімен көзге түсті. Бүгінгі күні де осындай жандар баршылық. Бірақ ол кезде еңбек еткен адамдардың орны бөлек қой.

Қазіргі таңда №2 жылу-электр орталығында еңбек еткен 360 ардагер бар, олардың жетеуі – Ұлы Отан соғысының ардагері.

 

Айымгүл Әбілева