Елордаға саяхат ұйымдастырылды

20 игі іс

15:17 1 Тамыз 2011

Валентина Никитинаның автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасында қызмет еткеніне 30 жылдай болыпты. Ол бастапқыда өндірістік -техникалық бөлімде инженер болып еңбектенген, қазіргі уақытта байланыс операторы қызметінде. Жылдар бойғы еңбегіне марапат ретінде Валентина Никитина әсем Астанамен танысуға жолдама алды.

Валентина Никитина:

Астанада болған емеспін, бірінші рет бара жатырмын. Қаланың көрікті екенін теледидардан көргенмін. Мен Байтеректі, түрлі-түсті фонтандарды   өз көзіммен көргім келеді.  

Бұл жолы 30 солтүстікқазақстандық Астананың әсем жерлерін аралап, көркіне тәнті болмақ.

Галина Аржилова:
Мен еліміздің Астанасына барып, оның сұлулығын өз көзіммен көретініме ерекше қуаныштымын. Теледидардан Елорданың әр тыныс-тіршілігін тамашалап отырамын. Осындай қысқа мерзім ішінде әсем, зәулім ғимараттар бой көтеріп, Астананың ерекше көріктене түскеніне таңырқаймын.

Фардана Пересыпкина:

Мен Елордаға баратыныма өте қуаныштымын. Әрине, еліміздің әр тұрғыны Астананың қандай екенін біледі. Дегенмен өз көзіңмен көргенге не жетсін?!

Жерлестеріміздің саяхаты Астананың орталық алаңынан басталып,   Елбасының резиденциясы  – Ақ Орданы тамашалап, «Бәйтеректен»  әсем қаланың көркіне тәнті болмақ. Бағдарламада «Думан» ойын-сауық орталығы мен «Пирамида» бейбітшілік пен келісім сарайына саяхат та қарастырылған.

Әсия Әлжанова, Автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының бөлім бастығы:
Біз жерлестеріміздің Астанаға барып, Елорданы аралап, бой жазып қайтуларына өз үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз. Мұның бәрі жетекшіміздің ұйымдастыруымен жүзеге асырылып жатыр.

Инеш Шоқақова