Спорт

Джиу-джитсудан семинар өтті

 

 

 

 

Джиу-джитсуды қазақшаласа, шығыс жекпе-жегі өнерінің жұмсақтығы дегенді білдіреді. 9-шы ғасырда жапон самурайлары жалаң қолмен бастан-аяқ қаруланған жауға қарсы тұрудың амал-тәсілдерін ойлап табады. Басты ұстаным- шабуылдаушының күшін өзіне қарсы пайдалана білу. Оның қыр-сырын меңгеру үшін жауынгерге күрестің лақтыру, қарсыласты тырп еткізбей ұстап тұру, тұншықтыру, аяқ-қолмен жасалатын соққыларды жылдам үйлестіру кешенін үйрену керек болды. Бұндай күрделі жауынгерлік мектептің дайындығынан өткен самурайлардан ел шекарасын қорғайтын таңдаулы әскер жасақталған.

Руслан Әбдіреев,  джиу-джитсуден халықаралық нұсқаушы:
– Біздің басты мақсатымыз ғасырлар бойы қалыптасқан джиу-джитсу дәстүрін елімізде насихаттап, дамыту. Қазақстанға бұл спорт түрі енді келіп жатыр. Республикалық федерацияның құрылғанына тура бір жыл болды. Осы аз уақыттың ішінде бұл шығыс жекпе-жегі кеңінен танылып, әсіресе жастардың арасында сұранысқа ие. Петропавл біз келген 5-ші қала.

Петропавлда тамыры тереңде жатқан бұл жекпе-жек түрінің үйірмелері әлі жоқ. Сондықтан джиу-джитсдың хас шеберіне ғана берілетін ең жоғарғы лауазым – ханши атағын алған қара белбеу 8-ші дан иегері Руслан Әбдіреев өңірімізге арнайы келіп отыр. Сансей екі күннің ішінде өңірдегі спорт мектептерінің жетекшілері мен бапкерлері, тәрбиеленушілеріне өмірлік әуестігінің қыр- сырын үйретуге тырысып бақты. Танымдық семинарға қатысқан өңір   жаттықтырушыларының ойлары жаңашылдықтың зияны жоқ, жастардың талғамына сай спорттың көбірек болғаны абзал дегенге саяды.

Ғалым Өркешев, Петропавл қалалық күрес мектебінің директоры:
– Спорттың қай түрі болмасын жастарды тазалыққа, тәрбиеге, шыдамдылық пен мықтылыққа, жақындарына қорған болуға үйретеді. Сондықтан да бұл өнер жастарға керек деп ойлаймын.  

Қазір қаламызда жақсы жолға қойылған шығыс жекпе-жектері осы джиу-джитсудан тараған тармақтар. Сондықтан оқу-әдістемелік семинарды тамашалауға келген жас спортшыларға кейбір амал тәсілдер жақсы таныс. Шеберлік сабақтарында жасөспірімдерді қызықтырғаны әр спорт түрінің үздік тәсілдерінің бір кешенге үйлесімді тоғысуы.

Айбек Шәріпов:
– Мен өзім 2,5 жыл жауынгерлік дзюдомен айналысып,біраз табыстарға жеттім. Екеуі ұқсас. Дегенмен джиу-джитсу әлдеқайда күрделірек екен. Сондықтан шеберлігімді одан әрі шыңдау үшін осы спортқа ауысқым келеді. Қаламызда үйірмесі ашылса, қуана барамын.  

Жалпы халықаралық джиу-джитсу қауымдастығының қатары күн санап артып, бүгінде 70 елде 160-тан астам ұйымы бар екен. Мамандар көп кешікпей бұл спорт олимпиадалық ойындар бағдарламасына енетініне күмән келтірмейді.

Жеңіс Ермұқанов